Атырауда жүрегі үш рет тоқтап қалған 5 жасар бала облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 маусымда 103 пультіне сағат 19:23те баланың тұншығып жатқаны туралы шақырту түскен.
«Жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 5 минутта жетті. Дәрігерлер тексергенде бала ес-түссіз жатқан. Оның жүрек соғысы болмаған. Ол 10 минут бұрын түскен астыңғы тісін жұтып, қақалып қалған. Ал, әкесі жедел жәрдем бригадасы келгенше жүрек, өкпе тұсына реанимация жасаған. Бірақ, бұл әрекеттен еш нәтиже болмаған. Бригада құрамындағы фельдшерлер Мейрамгүл Құрмашева мен Айбек Жеңісов қажетті аппараттарды қосып, кең ауқымды жүрек-өкпе реанимациясын жүгрізді. Осындай 3 цикл жасалғаннан кейін балада тіршілік белгілері пайда болды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Алайда, балада қайтадан клиникалық өлім белгілері байқалған. Жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі 3 рет тоқтаған. Фельдшерлердің сәтті реанимациясыан кейін жүрек соғысы қалпына келген. Қазір 5 жасар Атырау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесінде жатыр.