Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Ақтөбеде әскери комиссариаттан жасырынып жүрген жігіт тағы қашып құтылды (ВИДЕО)

Желіде Ақтөбеде екі адам әскерге шақырылған азаматты күштеп ұстауға әрекеттеніп жатқан видео тарады. Бұл жайтты Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті түсіндіріп берді, деп хабарлады Paryz.kz. 

Ақтөбеде әскери комиссариаттан жасырынып жүрген жігіт тағы қашып құтылды (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде тараған видеодан жай киім киген екі ер адамның батут орталығының залында жас жігітті күштеп сүйрелеп бара жатқанын көруге болады. Жігіт қатты қарсыласады.

Екі ер адам жас жігітті әскерге алып кетпекші болды. Бұл қаншалықты заңды? Әйелдер жас жігітті әскерге күштеп шақырудан қашып кетуге көмектесті, - делінген видео астындағы жазбада.

Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті видеоға Алға аудандық қорғаныс істері департаменті қызметкерлерінің әскерге шақырылған азаматты ұстауға әркеттенуі түсірілгенін растады.

2024 жылғы 9 сәуірде көктемгі шақыру кезінде қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері «Скай парк» батут орталығында жұмыс істейтін 2003 жылы туған әскерге шақырылушыға шақырту қағазын тапсыруға барған. Бірақ әскерге шақырылушы оны қабылдаудан бас тартты. Оны жиналу пунктіне мәжбүрлеп жеткізу үшін «102» арқылы полиция қызметкерлерін шақырған соң ол өзіне назар аудартып, агрессия көрсетіп, айқайлай бастады, - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ жігіттің батут орталығының басқа қызметкерлерінің көмегімен қорғаныс бөлімі қызметкерлерінен қашып үлгергені айтылды.

Бұл әскерге шақырылушы азамат бір жылдан астам уақыт бойы іздеуде жүрген. Ол бірнеше рет алдап, шақырту комиссиясынан өтуден, полиция қызметкерлерінен де жасырынып жүрген, - деп түсіндірді департамент өкілдері.

Олар көктемгі әскерге шақырудың орындалмай қалуына жол бермеу мақсатында облыстық қорғаныс басқармаларына (бөлімшелері) хабарлау, сондай-ақ шақырту пунктеріне келуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті.