Процесс ашық деп хабарланғанмен, алдын ала сот тыңдауына тілшіні кіргізбепті. Сот өкілдері ПТР тест талап еткен.
Бүгін Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты қозғалған іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.
"Істе 6 айыпталушы бар. Олар: Назарбеков, Әбілдаев, Сыдық, Жұмахан, Асболат, Рахмет. Оларға 4 бап бойынша айып тағылған: 293-бап ("Бұзақылық"), 99-бап ("Адам өлтіру"), 432-бап ("Қылмысты жасыру"), 434-бап ("Қылмысты хабарламау"). Алты жәбірленуші бар", - деді соттың баспасөз қызметінің өкілі.
Істі судья Әлғожаев жүргізіп жатыр. Азаттықтың мәліметінше, процесс ашық деп хабарланғанмен, алдын ала сот тыңдауына тілшіні кіргізбепті. Сот өкілдері ПТР тест талап еткен.
Еске сала кетсек, былтыр 11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Полиция оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.
Ақпарат бойынша, 10 қарашада түнде жергілікті жастар Көктал мен Талапкер ауылы болып бөлініп, төбелескен. Оған нақты не түрткі болғаны белгісіз.