Сәрсенбіге қараған түні оралдық тұрғындар өте сирек кездесетін табиғат құбылысын байқаған. Аспанға қарай бағытталған жарқыраған түрлі түсті бағаналарға ұқсайтын көрініс видеоға түсіп қалған. Мамандар бұл құбылыстың себебін түсіндірді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, қаланың әр жерінде жарқыраған түрлі түсті бағаналар көрінген. Ерекше құбылысты қала тұрғындары фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
Куәгерлердің айтуынша, көрініс өте ерекше болған. Мамандар мұндай атмосфералық құбылысқа бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Олардың сөзінше, бұл құбылыс температура 20 градустан төмен, жоғары ылғалдылық және желсіз ауа райы кезінде көрінеді.
Мұндай жағдайда күндіз гало (күн айналасындағы жарқын шеңберлер) пайда болуы мүмкін. Ал түнде жердегі кез келген жарық көзінен аспанға қарай бағыттылған осындай бағаналар көрінеді, дейді мамандар.
Ауадағы ылғалдан атмосферада түзілетін бұл мұз кристалдары көлденең орналасып, айна сияқты жарықты шағылыстырады. Яғни, бұл - өте сирек кездесетін, бірақ қалыпты атмосфералық құбылыс, - деді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың география кафедрасының аға оқытушысы Дінмұхамед Есқалиев.