Алматыда белгізісіз ер адам көшеде итімен жүрген Денис есімді тұрғынға темекі бермегені үшін пышақпен шабуыл жасаған. Сол кезде иесін денесімен жапқан ит пышақ жарақатынан өлген.
Оқиға туралы Әлия есімді желі қолданушысы Facebook-тегі парақшасына жазды.
Шабуылдаушы Денисті балағаттап, оны өлтіремін деп қорқытты. Денис мән бермей, үйге қарай бет алды. Алайда кіреберісте әлгі адам оны қуып жетіп, пышағын шығарып, өлтірмек болды. Ит шабуылды бірден сезіп, иесін қорғап, денесімен қалқалады. Салдарынан пышақ итке кірді. Ит 8 жаста болған және оны 3 баласы бар отбасы асыраған. Ол ешкімге зияны жоқ, мейірімді хайуан болған. Ал қаскөй оқиға орнынан қашып кеткен. Ит сараптама үшін емханаға жіберілді, – деп жазды желі қолданушысы.
Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті түсінік берді.
«Күдікті 36 жастағы Б. есімді азамат ұсталды. Өз кезегінде ол иттің иесі екеуінің арасында туындаған ауызша жанжал кезінде иттің иесі оның тұмылдырығын алып, өзіне қарсы жібергенін айтты. Күдікті өзін қорғауға мәжбүр болғанын түсіндірді. Аталған дерекке байланысты Алмалы аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-тің 316-бабы 2-бөлігімен («Жануарларға қатыгездікпен қарау») қылмыстық құқықбұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап жатқанын хабарлайды. Оқиғаның объективті мән-жайлары қосымша тергеу барысында анықталатын болады», – деп мәлімдеді ведомство.