Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Нұр-Сұлтанда құрылысшы 11-қабаттан құлап мерт болды

Ал құрылыс нысанында қорғаныш торы неге болмағанын құрылыс компаниясының өкілдері түсіндіріп бере алмады...

Нұр-Сұлтанда құрылысшы 11-қабаттан құлап мерт болды
фото: ашық дереккөз

Елордада құрылысшы 11-қабаттан құлап өлді. 25 жастағы қылшылдап тұрған жас жігіт тұрғын үйдің бетон қабырғасын құйып жүріп мерт болған. Ал құрылыс басында осындай қатерден сақтайтын қорғаныш торы неге болмағаны белгісіз, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Мына қауіпсіздік техникасын көріп тұрсыздар, титтей де қауіпсіздік техника жоқ. Құжаты да жоқ дейді. Мен бауырымнан сұрап та көрмеппін. Дос балалары айтады, бірінші қабатта істейтін бала еді дейді. Анау төбеге шығарып жіберу мүмкін емес нәрсе. Шыққанда да бір грамм қауіпсіздік техникасы сақталмаған", - дейді марқұмның ағасы Сәби Қуанышбаев.

Көпқабатты тұрғын үй салып жатқан құрылысшылар үйдің 11-қабатының қабырғасын көтеріп жатқан екен. Соның бетон құятын қалыбын құрып жатқан шақта жас жігіт қалыппен бірге құлаған. Оқиға орны қоршалғанымен, қираған құрылыс заты да, қан ізі де сол күйі жатыр.

Туыстарының айтуынша, марқұм Жамбыл облысының тумасы Дәукен Шоқанның осында істеп жүргеніне бірер жылдың жүзі болыпты. Үйінің үлкені болғандықтан, отбасының негізгі асыраушысы болып, сыртқа кетіп еңбек етіп жүрген. Полиция қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал құрылыс нысанында қорғаныш торы неге болмағанын құрылыс компаниясының өкілдері түсіндіріп бере алмады.

"Қорғаныш торлары болды. Мында ешкімге күшпен жұмыс істеткізіп жатқан жоқ. Ол - бабымен істелетін жұмыстар. Оқиғаның қай уақытта болғанын тергеу шешсін", - дейді "Мейірім" ЖШС директорының орынбасары Ерлан Әлиев.