Қарағанды облысында полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған азаматты құтқарып қалды, деп хабарлады Paryz.kz.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 6 желтоқсанда сағат 13:00 шамасында Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Есқанат Базыловтың телефонына ауданға қарасты ауылдардың бірінің тұрғынынан қоңырау түскен. Хабарласқан әйел күйеуінің ішімдік ішіп алып, үйде жанжал шығарып жатқанын айтқан. Бірнеше минут өткен соң аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы барған.
Аталған мекенжайдағы жер телімінде дуалмен қоршалған екі үй орналасқан. Оның біреуі тұрғын үй болса, екіншісін құрылыс материалдарын жинайтын шеберхана ретінде пайдаланылған. Бір сөзбен айтқанда жұмыс орны болған. Жанжал шығарған 45 жастағы азамат өзінің іс-әрекетін теріске шығарған жоқ. Сондықтан мен оған қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін материалдар жаза бастадым. Арада бірнеше уақыт өткенде үй иесі киім ауыстырып келем деген ниетпен үйден шығып кетті. Терезеден оның шеберхана жаққа кіргенін көрдім. Арада 5-6 минут өткенде ерлі-зайыптының 13 жастағы қызы жүгіріп келіп, «әкем асылып қалды» деп айғайлап жіберді. Далаға жүгіріп шығып, шеберханаға кірсем, есіктің тұтқасына асылып тұрғанын көрдім. Ол есікке бұрағышты қадап, соған жіп байлап асылып қалған. Тамырын ұстасам, ешқандай белгі жоқ. Мойнындағы жіпті босатуға талпындым, алайда ол қысылып тұрғандықтан бірден бұрағышты қағып жіберіп, жерге түсірдім. Осыдан кейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрегіне массаж жасадым. Сосын жергілікті жердің дәрігерін шақырып, қызметтік көлікпен ауруханаға жеткіздім, – деді Есқанат Базылов.
Қазір азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бір қалыпты деп бағалап отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, азамат бірнеше минут клиникалық өлім ауызында болған. Ал учаскелік инспектор оны өлім ауызынан аман алып қалды.