Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Жүргізуші есінен танып қалған: Алматы облысында оқушы автобус жолаушыларын құтқарды

Алматы облысында жүргізушісі есінен танып басқарусыз қалған автобусты 8-сынып оқушысы тоқтатпағанда, біраз адам қырылып қалар еді. Осылай деген куәгерлер апаттың қалай болғанын айтты, деп хабарлайды paryz.kz агенттігі Almaty телеарнасына сілтеме жасап. 

Жүргізуші есінен танып қалған: Алматы облысында оқушы автобус жолаушыларын құтқарды
Фото: azattyg.ruhy

Іле ауданы Қуат шағынауданындағы қоғамдық көлікте отыру жұрттың қорқынышына айналыпты. Қаладан жолаушы таситын 219 автобус аяқасты жол шетіне шығып барып тоқтаған. Оқиға қас пен көздің арасында болған.

Жүргізушісі есінен танып қалғанын байқаған Ақжол Герой автобусты тоқтатып үлгерген. Әйтпегенде жолаушы толы қоғамдық көлік үйлерге соғылар еді. Абырой болғанда ешкім ауыр жарақат алмаған.

«Жүргізуші артқа шайқалып барып, талып қалды. Біраз адам жерге құлап, жылап жатты. Мен жүргізушінің қасына барып қарасам, жүзі қызарып, қорқынышты болып кеткен екен. Оның аяғын газдан алып, тежегішті бастым», – дейді 8-сынып оқушысы Ақжол Герой.

«Қасымда үнемі бірге жүреді. Екеуіміз бірге көлік жөндейміз. Көріп, біліп үйренгені ғой», – дейді Ақжолдың әкесі Нұрлан Әбенов.

Шағынаудандағы №24 лицейде білім алып жатқан 8-сынып оқушысы адам өмірін ажалдан арашалап қалғанын мақтан тұтады. Мектеп директоры, білім бөлімі арнайы марапаттапты.

Қала мен облыс арасында жүретін №219 автобустың жауапты өкілдері жүргізушінің тексерістен өткенін айтып сендірді. Алайда жауапкершіліктен қашпайтынын мойындайды.

Автобус паркінде осы бағытта жолаушылар тасымалдайтын 16 қоғамдық көлік бар. Руслан есімді жүргізуші бір жылдан бері жұмыс істейді. Дәрігерлердің айтуынша, ол жансақтау бөлімінде жатыр.

«Кеше 1974 жылғы Сағымбеков Руслан сағат 17:32- де ауруханаға жеткізілді. Оның шағымы - жеңіл есеңгіреген, бас ауруы болған. Кеше ота жасадық», – деді Іле аудандық Орталық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Рустам Мүкрейов.

Науқастың ауруханадан қашан айығып шығары белгісіз. Әзірге дәрігерлер бақылауында. Ал жауапты компания жүргізушіге және осы апаттан зардап шеккендер болса, көмек беруге дайын.