Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Жетісу облысында әкім оқушыны қағып өлтірді

Жетісу облысында ауыл әкімі ұл баланы көлікпен қағып өлтірді, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Жетісу облысында әкім оқушыны қағып өлтірді
Фото: azattyg. ruhy

Қоғам белсендісі Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, Кербұлақ ауданына қарасты Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова рөлде болған. Оқиға орнына келген Полиция департаментінің қызметкерлері мерт болған оқушының 12 жаста екенін анықтаған.

«Оның өліміне әкім Бақтиярова Әлия Маратқызы кінәлі. Ол Ескелді ауданы Биғаш ауылының маңында 2 қарашада кешке баланы көлікпен қағып кеткен. Соның салдарынан 9-сыныпта оқитын Асыл Тұрсынбай апат орнында қайтыс болды. Көліктің рөлінде Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова болған», - деді белгілі журналист, қоғам белсендісі Сандуғаш Дүйсенова.

Ал апат орнына келген полиция қызметкерлері хаттама толтырып, көлікті айыппұл тұрағына қойған. Қоғам белсендісі ұл баланы қағып өлтірген әйелдің тіптен уақытша ұстау изоляторына қамалмағанын жазды. Мезгілсіз қайтыс болған оқушы демалыс күні жер қойнына тапсырылды.

«12 жастағы жасөспірім Hyundai Greta көлігінің дөңгелегіне түсіп қайтыс болды. Машинаны 39 жастағы әйел басқарғаны анықталды. Аталған оқиға бойынша сараптама тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша соталды тергеу басталды. Шетел көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты болған жол апаты облыстық полиция басқармасынның өндірісіне алынды. Қамауға алу туралы полиция емес, сот шешім шығарады», - деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Әлия Бақиярова 2014 жылдан бастап лауазымды қызметке тағайындалған. Ол Көксу ауылдық округін 2018 жылдан бері басқарып келеді.