Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Жамбыл облысында бюджет қаржысын жымқырған бірқатар шенеунік сотталды

Жамбыл облысындағы ауыз судың сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны жымқырғаны үшін бірқатар шенеунік сотталды, деп хабарлады Paryz.kz.

Жамбыл облысында бюджет қаржысын жымқырған бірқатар шенеунік сотталды
Фото: egemen.kz

Қордай ауданы прокуратурасының мәліметінше, «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ экс-басшысының 6,5 миллион теңге ұрлау фактісі анықталды.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, Сарыбастау ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы М., «Қордай су» МКК директоры К. және кәсіпкер Е. құжаттар бойынша құны 12,3 миллион теңге болатын су мұнарасын салуға тиіс еді. Алайда нысанды егжей-тегжейлі талдау және визуалды қарау су мұнарасының шын мәнінде салынбағанын көрсетті. Тергеу барысында тараптардың 6,5 миллион теңгені иемденіп, өзара бөлісіп, ауыл тұрғындарына өздігінен ағып жатқан суды ішкізіп қойғаны белгілі болды.

Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорларына берілді. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қордай аудандық сотының 2023 жылғы 18 шілдедегі үкімімен М. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкер Е. ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.