Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Анттан аттау»: Алматыда дәрігерлер ауруханадағы екіқабат әйеліне көмекке келген кәсіпкерді ұрып, мүгедек қылды

Алматыда дәрігерлер аяғы ауыр әйеліне келген жігітті соққыға жықты. Адам жанын арашалауы тиіс дәрігерлер, керісінше кәсіпкер жігітті аурухананың ғимаратынан шығарып алып ұрған. Тіптен ашулы дәрігерлерге көшедегі куәгерлер де араша түсе алмаған. Ал жолай өткен адамдар дәрігерлердің кәсіпкерді құлатып алып, соққының үстіне алғанын көзімен көрген. Тіптен, бас сүйегі сынып, құлап жатқан  жігіттке дер кезінде көмек шақырмай, далада бір сағаттай ұстаған.

«Анттан аттау»: Алматыда дәрігерлер ауруханадағы екіқабат әйеліне көмекке келген кәсіпкерді ұрып, мүгедек қылды
Коллаж: Azattyq Ruhy

Миына қан кете бастаған жігітке жедел жәрдем шақырғанның орнына, төбелескіш дәрігер ауруханаға өзі барып, науқастың кейпінде жатып алған. Алайда еш жері жарақат алмасада көзбояушылыққа барған дәрігердің үстінен полиция қылмыстық іс ашып, тергеуге алған. Арада он бір ай өтсе де тергеу созбалаңға салынып, тергеушілер аяқ астынан ауыса берген. Алдына шағым айтып келген жанды соққыға жыққыш, төбелесқұмар дәрігердің айналасындағы даудың қалай өрбігенін Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрді.

Тараптардың тартысы өткен жылы 29 шілде күні болған. Ержан Қалдыбекұлының аяғы ауыр әйелі емханаға тісін емдетуге келген. Жәбірленушілердің сөзінше, тіс дәрігері 7 айлық әйелді дұрыс емдемеген. Екі күннен соң тісі іріңдеп, емханаға қайта келген науқасқа дәрігер ұрсып, жылатып қайтарып жіберген. Жағдайды білген жолдасы ашулы күйде дәрігермен байланысқан. Екеуі де  сыртқа шығып, бір-біріне соққы жұмсайды. Шуға емхананың тағы бір топ дәрігері қосылып, ақыры кәсіпкер соққыға жығылады.

«Содан бері іс дұрыс жүргізілмеді. Тергеуші ұлымның қандай дәрежеде жарақат алғанын да білмейді. Тергеуші жан-жақты толық мәлімет жинаған жоқ. Оқиға болған жерден камераларды біз өзіміз адвокат жалдап, тауып отырмыз. Жанжалды жүк көлігінің жүргізушісі көрген. Тергеуші  сол жігітті ғана куәгер ретінде құжатқа тіркеген. Стоматологтар газельдің артқы жағына қаумалап қуып апарған кезде, қатты дауыс шыққан. Сол кезде газельдің жүргізушісі де болған. Стоматологтың құлап жатқан ұлымды басынан ұрып жатқанын көрген. Соны дәлелге алмай отыр. Төрт дәрігер жабылып, осындай ауыр жағдайға жеткізген. Жұмыс уақытында төбелеске шыққан қызметкерлерін емхананың басшылары қадағаламаған, қызметкерлерді қайтармаған, тоқтатуы керек еді. Дәрігерлердің әрекеті «самосуд», өздері жазалаған. Дәрігерлер алдына келген адамды емдемек түгілі, өлімші қылып ұрып, мүгедек қылып қойды. Қазір ІІ-топтың мүгедегі. Дәрігерлердің кесірінен осындай жағдайға жетті. Олар адам жанын арашаламайды, керісінше адамға қастық жасайтындар деген түсінік қалыптасты, бұл емхана туралы. Менің сол емхананың басшыларына да, қызметкерлеріне деген қатты ренішім бар», - деді жәбірленушінің әкесі Қалдыбек Аюбек.

AMP

Бас сүйегі жарылып, ауыр жарақат алған кәсіпкер есінен танып жатса да, дәрігер текпілеуі мен басынан соққы жаудыруын тоқтатпаған. Аузынан ақ көбік ағып, ес-түссіз жатқан жігітті ашулы дәрігерлерден куәгерлер ғана арашалап алған. Жұмыс уақытында науқастарды емдегенннің орынына, көшеде қып-қызыл төбелес ұйымдастырған емхананың дәрігерлері есінен танып жатқан жігітті далада бір сағаттай ұстаған. Сол маңның тұрғындары су әкеліп, тілін жұтып қойған Ержанға көмектескен. Шелек-шелек су шашып, есінен жиғызғанымен, бас сүйегі жарылып кеткен кәсіпкер жайлы дәрігерлер полицияға тағыда да жалған мәлімет берген. Кәсіпкер есін ауруханада жиған. Тіптен, қызметкерлер кәсіпкер бордюрға өзі құлап, оған көмек бергендей екіжүзділік танытқан. Ал төбелескіш дәрігер құрбандығы есін жимаған соң, өзі зардап шеккен адам ретінде ауруханаға алдымен жетіп, жатып алған. 

AMP

«ЕМДЕЛУГЕ 5 МЛН ТЕҢГЕ КЕТТІ..»

«Біріншіден, қалалық стоматология дәрігерлерлері кәсіби қызметін дұрыс атқармаған. Інім ол жерге төбелес іздеп бармаған. Әйелін ренжітіп жіберген соң, ашуланып барған. Бірақ дәрігерлер өздерінің кәсіби маман екендіктерін көрсете алмаған, агрессияға беріліп, ініме төртеуі жабылып, ұрып-соққан. Сол стамотология інімді ұрған қызметкерлеріне ешқандай шара қолданбады. Олар емін-еркін қызметін атқарып жүр.

Екіншіден, тергеу жұмыстары 11 ай өтсе де, дұрыс жүріп жатқан жоқ. Әлі беттестіру, іздестіру жұмысы да жүргізілген жоқ. Біз куәгерлерді өзіміз тауып жатырмыз. Куәгерлердің жауабын тіркемей отыр. Біз қалалық прокуратураға да, Бас прокуратураға да жаздық. Денсаулық сақтау басқармасына да жаздық. Ешқандай мардымды жауап ала алған жоқпыз. Заңның жұмыс істемейтініне көзіміз жетті. Тиісті органдардың бәріне жаздық, бір біріне сілтеп отыр. Басында бәрін ретімен орындаймыз, адвокатпен жүреміз, медициналық экспертизамыз бар деп бастағанбыз. Міне 11 ай болды, Полат Адихан деген тергеуші жұмысты тастай салды да, жаңадан келген тергеуші ол іске бас ауыртпай отыр. Видео дәлелдерді де қарамай, «мен істі жаба салуым мүмкін» дейді. Тергеуші іске немқұрайлы қарайтынын көрсеттті. Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Отбасының құқығы үшін басын қатерге тіккен адамды қорғай алмайтын мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Қайдағы әділетті қоғам? Мені осы күйіндіріп отыр. Тергеу ісі жүріп жатқан жоқ. Дәрігерлер өздерінің кәсіби біліктілігінің төмен екендігін көрсетті. Олар адам өмірін қорғаушы емес, керісінше, адамның өміріне қауіп төндіруші, қатігез жандар. Гиппократ антынан аттау. Бірде бір рет кешірім сұрауға жараған жоқ. Тек басына пластик қойдыруға 660 мың теңге төледік. Реабилитацияға да көп ақшасы кетті. Бір жылға жуық уақыт емделгенде 5 млн ақшасы жұмсалды», - деді кәсіпкердің қоғамдық қорғаушысы Әйгерім Қалдыбекқызы. 

AMP

Емхана дәрігерлері мен кәсіпкердің арасындағы төбелеске 11 ай өтсе де, тергеуші істі сотқа да жібермеген. Осы аралықта кәсіпкердің басына үш рет ауыр ота жасалған. Денсаулығынан айырылған кәсіпкердің бизнесі тоқтап, отбасын асыраудан қалған. Аяғы ауыр әйеліне дөрекілік танытқан дәрігермен байланысам деп таяқ жеген жігіт бүгінде ІІ-топтың мүгедегі. Жуырда төртінші рет басына ота жасатады. Екі жақ шекесіндегі сынған бас сүйегіне пластик қойдырады. Қазір бір жақ бас сүйегі жоқ, ойық. Аяқ астынан таяқ жеп, соққы алған кәсіпкердің кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. 

«120 күн еңбекке жарамсыз болса, мүгедектік беру керек. Ол 270 күн, 9 айдан кейін менің департаментке жазғанымның арқасында ғана мүгедектік берілді. Соның өзінде анықтамасын ХҚКО тіркете алмай отырмыз. Ақпанда мүгедектікке шығаруы керек еді. Сол ақпанда баламның куәлігінің уақыты өтіп кетті. Шетелге шығатын паспортымен қабылдамады. Тіркелген жоқ, мүгедектіктің жәрдемақысын алған жоқ. Полицейлерлер қызметін адалынан атқарып отырған жоқ. Кеше барсам, кейінгі істі қабылдап алған Ғалымбек деген тергеуші екен. Бірінші  тергеуші Әдихан Полат құжатының бәрін аяғына жеткізбей, экспертизаның қорытындысын алмай тұрып, шығып кеткен. Әдихан Полатов істі 10 айға созды да, аяқтамай тастап кетті. Менің мақсатым баламның ісін тезірек сотқа жеткізу, баламды соққыға жыққандарды жазаға тарттыру. Мекемені жазалаттыру», - деді екінші топтағы мүгедек Қалдыбек Аюбеков.  

Әділдік іздеуден әбден шаршаған жәбірленушілердің арызданбаған жері қалмаған. Төбелескіш дәрігерде әлі күнге ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр. Тіптен тергеуші жәбірленушіні де тыңдамаған. Ал дәрігерлер полицияға тек өздері зардап шеккендей аяушылық танытатын видеоны әкеліп берген. Зардап шеккен тарап оқиғаның басқа да видеосын тапқан соң ғана қылмыстық іс басқа бапқа ауыстырылған.

 «ӘДІЛЕТСІЗ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ..»

«Стоматолог бір сағаттай жұмыс уақытында менің ініммен айналысқан. Менің талабым: төрт стоматологта жазаға тартылсын. Стоматология қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне тексеріс жасалсын. Менің інім аузынан көбік ағып, аяғы дірілдеп жатқанда жедел-жәрдемді де жылдам шақырмаған. Сол жердегі куәгерлер, үстіне шелектеп  су төккен. Орындыққа қинап отырғызған, інім отыра алмай құлап жатқан. 40 минут бойы қинаған ғой сол жерде. Егер олар кінәлі болмаса неге бірден жедел-жәрдем шақырмаған? Неге 40 минуттан кейін шақырады олар? Соның кесірінен оның басына қан ұйып, гематома болып, қиын 6 сағаттық операция болды. Бас сүйегі сынған, миына қан құйылған. Соның кесірінен ініме 3 рет операция жасалып, ІІ деңгейдегі мүгедек болып қалды. Тағы операция жасату керек. Інім өзі шығын кәсіппен айналысты, типографиясы болды. Бір әулетті асырап отырған ініме қазір зейнеттегі әке-шешем қарап отыр. 9 ай бойы үйден де шыға алған жоқ. Психологиялық, материалдық жағынан біз қатты соққы алдық. Қазақстанның қоғамынан түңіліп кеттік. Біз әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатыр екенбіз. Іске әділ қарайды деген адамдар бізді ойыншық қылды. Інім кәсіпкер еді елді шарлап, түрлі адамдармен тіл табысып, бизнесін жасап жүрген», - деді жәбірленушінің әпкесі.

Кәсіпкердің  мүгедек болып, отбасын асыраудан айырылып қана қоймай, тергеудің 11 ай бойы тоқтап тұруы әулетімізге ауыр соққы болды дейді жәбірленушілер.

AMP

Тіптен, тергеушілер куәгерлердің айтқандарын  іс құжаттарына тіркемей, керісінше бір топ дәрігерлердің айтқандарын негізге алған, соларға басымдық берген деп санайды әділдік іздеген адамдар. 

«Бір кезде у-шу болып кетті. Қызым айтты «мама, бір адам құлап жатыр» деп. Қарасам, ана адамның есін жиғыза алмай жатыр. Тілі кетіп қалыпты. Тілін тарта алмай жатыр екен, терезеден қасық лақтырдым. Су сұрады, бөтелкемен суды бердім. Сол арада дәрігерлердің бір-біріне «нең бар еді ұрып?» дегендерін естідім. Медицина қызметкерлерінің бәрі шулап кетті. Бәрі көшеде құлап қалған адамға жәрдем беріп жатыр деп ойладым. Сонымен бір кезде біреу бір шелек су алып келді. Соны үстіне құйды. «Камераға түсірмеңдер» деп ешкімге түсірткізген жоқ. Соңына дейін қарап тұрдым. Жігіт біразға дейін өз-өзіне келе алмады. 30-40 минуттай уақыт өтті. Бір әйел орындық алып келді. Орындыққа отырғызып еді, отыра алмай, ауып кетіп жатты. Екі адам екі жағынан ұстап тұрды. Көп уақыттан кейін жедел-жәрдем келді. Олар тексеріп, қарап жатты. Жігіт өзі жүре алмады, екі жағынан көтеріп апарды, аяғы сүйретіліп жатты. Оқиға жайлы менен ешқандай полиция сұрамады. Кейін білдік, дәрігерлер өздері соққыға жыққан адамның есін жиғыза алмай жатқанын», - деді куәгер Кәмшат Пернебекова. 

AMP

БАСШЫЛАРЫ ДӘРІГЕРДІҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ ТАРТЫЛҒАНЫНАН ХАБАРСЫЗ

Ал мемлекеттен қыруар қаржы алып, қаланың тұрғындарына қызмет көрсететін емхананың басшылары өз қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істен хабарсыз болып шықты. Басшылары да, әкімшілігі де қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шешім қабылдайтындарын жеткізді.

«Орталық стоматологиялық клиниканың заңгерімін. Сіздің айтуыңызша, 11 ай бұрын болды деп айтқаннан кейін енді біз қызметтік зерттеу жүргіземіз. Бізге полиция қызметкерлері жағынан ешқандай хабарландыру болған жоқ. Оқиға болған кезде мен бұл жерде жұмыс істемедім. Видеобақылауды қарап, дәрігердің өзімен сөйлесіп зерттейміз», - деді емхананың заңгері

AMP

«ТЕРГЕУ ТОҚТАМАЙДЫ...»

Қылмыстық істі тергеп жатқан Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері. Жаңадан келген тергеуші істі тағы қанша уақытқа созатыны белгісіз. Белгілісі, кәсіпкерге бірнеше рет ауыр ота жасаған дәрігерлер туралы куәгерлердің айтқандарының  ескерілмегені. Алматы қалалық ПД аталған жағдайдан хабардар. Қазіргі уақытта сот-медициналық криминалистикалық сараптама  және фото техникалық сараптама жасалып жатыр.

«Алматы қалалық Полиция Департаменті аталған істің ҚР ҚК 106 бабы бойынша тіркелгенін хабарлайды. Қылмыстық іс аясындағы өндірісті Алмалы аудандық ПБ қарасты полиция бөлімі тергеуде. Қазіргі уақытта өндіірс аясында тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Сонымен қатар қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нәтижелі процессуалды шешім қабылданады», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Ал алдына келген аяғы ауыр әйелдің күйеуін мертіктірген дәрігердің кінәсі делелденсе, ұзақ жылға сотталуы мүмкін. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен айыпталған тіс дәрігеріне қарсы қозғалған істе үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қос тараптың бір жылға жуық созылған дауын екі сараптаманың нәитжесі шешеді. Ал ұзақ уақыт әулетімен бірге қиыналып келе жатқан жәбірленушілер дөрекі дәрігер қалайда жазалануы керек деп санайды.