Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Әкімдіктің көшіруіне қарсы болған зейнеткердің үйі өртеніп кетті

"Әдейі от қойды деп ойлаймын, өз-өзінен бұлай жанбас еді. Бұл - барып тұрған бассыздық!" - дейді үй иесі.

Әкімдіктің көшіруіне қарсы болған зейнеткердің үйі өртеніп кетті
фото: дереккөз

Қарағанды облысында билік мыс өндіру мақсатында адамдарын көшіріп жатқан Крестовский ауылының тұрғыны Николай Случиктің үйі өртенді. Случик бұл үйінен көшуден бас тартып келген еді. Мұның алдында басшылық оған Сәтбаев қаласынан бір бөлмелі пәтер ұсынған, бірақ зейнеткер бұл айырбаспен келіспеген, деп хабарлады Азаттық радиосы.

"Бұл уақытта жұмыста болғанмын. Таңертең келсем, үйім жанып бітуге аз қалыпты. Бәрі өртенген: шатыры жанып, ортасына түскен, тек қабырға ғана қалған. 102-ге қоңырау шалып едім, тек өрт сөндірушілер келді, полицейлер қара көрсетпеді. Содан соң учаскелік полицейге өзім хабарластым, ол анықтама әзірлеп береміз деді. Әдейі от қойды деп ойлаймын, өз-өзінен бұлай жанбас еді. Бұл - барып тұрған бассыздық! Электр желісінің тұйықталуы және басқа ақаулар болуы мүмкін емес. Кетіп бара жатқанда бәрін өшіріп, тексергенмін. Өрт сөндірушілер электр кернеуі болған жоқ деді. Сол жерден кесілген кабель табылды. Бірнеше күн бұрын Сәтбаев қаласы әкімдігіне тағы барғанмын, олар тек бір бөлмелі пәтер беріледі деген. Пәтерден бас тартып, әрі қарай соттаса беретінімді айтқанмын. Ал бүгін таңертең үйім өртеніп кетті", - деді Николай Случик.

Бұдан бұрын Азаттық жер телімдерін "мемлекет қажетіне алу" мақсатында Қарағанды облысындағы Жезқазған, Крестовский, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный ауылдарының тұрғындарын көшірмек болып жатқанын, халықтың көшіру шарттарымен келіспей, қарсылық білдіргенін жазған. Николай Случик әкімдік барак типті үйдегі ата-анасынан қалған үш бөлмелі пәтерінен жылдам көшірмекке тырысып жатыр деп мұңын шаққан. Оның айтуынша, үйі жылыту жүйесінен және электр жарығынан ажыратылған, есігін сындырған.

Төтенше жағдайлар департаменті Азаттық тілшісіне Крестовский ауылы Октябрь көшесі, 3-үйде өрт болғанын растады. Алайда, өрт сөндірушілер ақпаратында бұл үй "адам тұрмайтын үйдің маңындағы ағаштан соғылған, қолданыстан шыққан, жартылай бұзылған шаруашылық құрылысы" деп сипатталған. Өрттің аумағы - 120 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша, өрт "ашық оттан шыққан" болуы ықтимал.

Азаттық тілшісі Сәтбаев қаласының әкімдігіне хабарласты. Ондағылар өрттің шығу себептерін құзырлы органдар анықтайды деп жауап берді.

"Бұрын да, қазір де оған (Случикке - ред.) Сәтбаев қаласындағы бір бөлмелі пәтерге көшуді ұсынып келеміз. Ол - жақсы пәтер. Бұл вариант ұнамаса, онда отбасылық жатақханадан уақытша орын ұсынамыз. Бұл үшін Сәтбаев қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөліміне келуі керек. Әлеуметтік жәрдемге келсек, ол кісі қиын жағдайға тап болған тұрғын ретінде өтініш жасауы керек. Мәселе сонда қаралады", - деді Сәтбаев қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі.

"Мемлекет қажеті үшін" деген себеппен тұрғындарын көшіріп жатқан ауылдардың аумағында ашық және жабық әдіспен мыс өндіріліп жатыр. Жоспар бойынша, 3 мыңдай отбасы көшірілуі керек. Мыс кенішін "Қазақмыс" корпорациясы игеріп жатыр. Тұрғындардың көбі ұсынылған ақшаны немесе тұрғынжайды алып, үйлерінен көшіп кеткен. Алайда, жүзге жуық отбасы өздеріне тиесілі үй-жай үшін "лайықты" өтемақы бермейінше кетпейміз деп ауылдарынан кетпей отыр.