Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Павлодарда жезөкшелікпен айналыспақ болған әйел сәбиін аязға тастаған

Ал қақаған қыста далада қалған тастанды бөбектің есімі – Батыр. Бір жастан енді ғана асыпты. Қазір облыстық ауруханада жатыр.

Павлодарда жезөкшелікпен айналыспақ болған әйел сәбиін аязға тастаған
фото: tengrinews.kz

Павлодарда бір жастағы баласын аязды күні көшеге тастап кеткен «көкек ана» ұсталды. Бауыр еті баласынан жеріген әйел – Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Кейбір деректерге сәйкес, тасбауыр ана мұнда тәнін саудалауға келген. Ол сәбиін қалаға кіріп, көліктен түскен бойда теміржол вокзалының маңына тастап кетіпті. Алайда, келіншекті құрықтауға сол жерде орнатылған камераның көмегі тиген. Осылайша, тәртіп сақшылары безбүйрек ананы ізін суытпай тапты.

Ал қақаған қыста далада қалған тастанды бөбектің есімі – Батыр. Бір жастан енді ғана асыпты. Қазір облыстық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оған суық тигенін айтады. Баласынан безінбек болған келіншекті сот аналық құқығынан айырып, көп көлемдегі айыппұл салуы мүмкін. Оның әжесінің қолында тұратын тағы 9 жасар ұлы бар екен.

"Сәбидің бізге әкелген кездегі дене қызуы 37,8 болды. Тамағы қызарып, жөтеліңкіреп тұрды. Барлық емін дер кезінде жасадық. Қазір кешегіге қарағанда жағдайы қалыпқа келіп, қызуы да түсті. Ковидқа ПТР-сынама алынып, карантин бөліміне жатқызылды. Егер вирустан аман болса, мамандандырылған бөлімге ауыстырылып, балалар үйіне жіберіледі", - деді Павлодар облыстық ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі Әсет Ақбиева.