Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматы облысында 5-сынып оқушысы асылып қалды

Алматы облысы Талғар ауданында 11 жастағы қыз өз үйінде асылып қалды. Оқиға Гүлдала ауылында болған, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Экспресс K сайтына сілтеме жасап. 

Алматы облысында 5-сынып оқушысы асылып қалды
Фото: ашық дереккөзі

Қайғылы жағдай 16 қыркүйекте болған. 2011 жылы туған Рамина Ирзахунова өз үйінде өлі табылды. №21 мектеп директоры Қуаныш Айтбаевтың айтуынша, қыздың ата-анасы ажырасып кеткен екен, ал марқұм нағашы апасы мен ағасының қолында тұрыпты.

"Ата-анасы екі жаққа ажырап кеткен. Әкесі Қайрат ықшам ауданында, ал шешесі Өжетте тұрады. Бұл бала нағашы әжесінің тәрбиесінде жүрген. Нағашы ағасы мен әжесі жұмысқа кеткенде қыз үнемі үйде жалғыз қалатын болған. Мектебімізде қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті оқушылар қашықтықтан оқып жүр. Марқұм Рамина екінші ауысымда оқиды. Сол күні ол сабаққа қатыспады. Түс мезгілінде онлайн сабаққа шықпаған оқушыны мұғалімдері іздей бастайды. Үйіне барғанда асылып өлгенін естідік. Суық хабар бәрімізді шошытты", — дейді мектеп директоры.

Өз-өзіне қол салған оқушының мәйітін нағашы ағасы тауып, полиция шақыртқан. Тергеушілер қыздың денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілерін таппаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал мектеп директоры қыздың өліміне Telegram арнасындағы күдікті топтың ықпалы болды ма деп күдіктенеді.

"Біздің түсінгеніміз қыз Telegram-дағы жасырын танысу парақшаларында отырған. Ондағы нөмірлер Ресей, Беларусь елдеріне тиесілі. Бірақ не болғанын әлі білмейміз. Жауабы айтылмады. Полицейлер жіті тексеріп, анықтайтын шығар деп отырмыз", — деді Қуаныш Айтбаев.

Қайғылы оқиғаға қатысты Экспресс К Алматы облысы ПД хабарласты. Әзірге олардан нақты жауап келген жоқ.