Ақтөбе облысы Темір ауданында тағы да жол апаты болды. Жүргізуші мен 10 жастағы бала көз жұмып, үшеуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды paryz.kz
Оқиға бүгін сағат 17:00-де «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолында тіркелді. ГАЗель автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласы бағытындағы жолда қарсы жолаққа шығып кетіп, Темір ауданына бара жатқан «Тoyota Camry» автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Тoyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Сонымен бірге 4 жолаушы Темір аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, ауруханаға түскен 10 жастағы бала есін жимастан көз жұмды. Ол бас-ми жарақатын алған. Өзге үш науқас та бас-ми жарақатын алған. Аудан дәрігерлері санавиация шақырды.
Еске салсақ, Покровка – Жаңажол автожолының 75-шақырымында болған жол апаты салдарынан төрт адам мерт болды. Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ-2113 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғынының басқаруындағы КамАЗ көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2113 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктің тағы бір жолаушысы Кеңқияқ ауылының ауруханасына жатқызылды. Аталған факті бойынша да ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.