Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Бір түнде үш рет зорлады". Алып қашудың құрбаны болған қыз әділдік іздейді

Өзінен 10 жас үлкен еркек алып қашып кеткен шымкенттік бойжеткен әділдік іздейді. Анасының айтуынша, бұрын үйленіп ажырасқан жігіт оны күш көрсетіп, бір түнде үш рет зорлаған. Алайда полицейлер істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатыпты, деп хабарлайды Рaryz.kz  exk.kz сілтеме жасап.

"Бір түнде үш рет зорлады". Алып қашудың құрбаны болған қыз әділдік іздейді
©ЭК/Андрей ХАЛИН

Жаға ұстатарлық оқиға туралы "Не молчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оқиға 28 мамыр күні болған. 24 жастағы шымкенттік бойжеткенді өзінен 10 жас үлкен жігіт Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылына еркінен тыс алып қашқан. Қыздың телефонын тартып алған ол бойжеткенді екі күн бойы мәжбүрлеп ұстаған екен. Үрейі ұшқан қыз өзіне тиіспеуін өтініп, қанша жалынса да, 40 жасқа таяп қалған еркек ойындағысын жасап үлгеріпті.

"Ол үйде қызға әбден қорлық көрсетіп, бір түнде үш рет зорлаған. Кейінірек туыстары хабаршы ретінде қыздың үйіне 1,5 миллион теңге қалыңмалмен барған. Алайда қыздың ата-анасы ашуға булығып, қалыңмалды кері қайтарады. Содан қызды алып кетуге барғанда оны қараңғы бөлмеде күштеп отырғанын көреді. Ал жігіт қалыңмалды біртіндеп санап алған", — деп жазды Дина Таңсәрі.

Қоғам белсендісі жәбірленуші қыздың анасының жазбасын да өз парақшасында жариялады. Онда жігіт пен бойжеткеннің бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы танысқаны, бірақ жақын қарым-қатынаста болмағаны, қызды еркінен тыс алып қашқаны туралы жазылған.

Анасының мәліметінше, жігіт бұған дейін үйленген. 12 жыл отау құрып, балалы болмаған соң ажырасқан екен.

"Қорландым" деген қыз бұл оқиғадан кейін тіпті өмірімен қош айтыспақ та болыпты.

"Қызым қазір өте қиын жағдайда. Тіпті көшеге шығуға қорқады. Қорқынышты түстер көріп, шошып оянып жүр. Көз жасы етегіне толды. "Өмір сүргім келмейді" деп өз-өзіне қол салмақ та болды... Әлгі жігіт әлі бостандықта жүр. Қызымның өмірін құртып алып, тіпті ол бұл әрекетін ойланып та жүрген жоқ. Менің қызым зат немесе шабадан емес қой ары-бері тасып алып жүретін. Қызымның, менің, бүкіл әулеттің намысы тапталып отыр", — деп жазды анасы.

Бұл оқиға бойынша жәбірленуші полицияға арыз да түсірген. Бірақ белгісіз себеппен іс қозғалмапты. Дина Таңсәрінің айтуынша, тергеуші оқиғаның басты айғақ заты — қыздың іш киімін кабинетіндегі сөреде сақтап отыр екен.

"Біздің полицейлер қыз-келіншектерді алып қашып, зорлап, бірақ жазадан құтылып кете салатын мал секілді көре ме? Қыздың анасы кінәлі адамның жазасыз қалмауын талап етіп отыр. Тергеуші неліктен сарапшы пен соттың міндетін өз мойнына алады? Неліктен іс қозғалмайды? Бұл жігіт қоғамға қауіпті. Бәлкім, бұл қыз алғашқы құрбаны емес шығар?!" — деп жазды Дина Таңсәрі.

Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер бойжеткен 2 маусым күні арыз түсіргенін айтты. Ол өз шағымында танысы үйлену мақсатында оны ұрлап, алып кеткенін көрсеткен.

"Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша тіркелді. Жәбірленушінің өзінің және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларының жауаптарына сәйкес, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру дерегі расталмады. Осыған байланысты, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына қатысты ҚР ҚПК 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағының талаптарына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды", — деді департаменттегілер.

Ведомство мәліметінше, қабылданған шешіммен аудан прокуратурасы келіскен.