Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

"Иығындағы погондары сенім сыйлады": Алаяқтардың арбауына түсіп қалған нұр-сұлтандық тұрғындар оқиғаларымен бөлісті

Қалтасындағы соңғы қаржысына дейін салып, қаржылық пирамиданың құрбаны болғанын кейін түсінген қазақстандықтар қатары әлі де азамай тұр. "Иығындағы погондары сенім сыйлады" деп ақталған нұр-сұлтандық тұрғындар алаяқтарға қалай алданып қалғандарын айтып берді, деп хабарлайды Рaryz.kz  stan.kz ақпарат агенттігіне сілтемемен.

"Иығындағы погондары сенім сыйлады": Алаяқтардың арбауына түсіп қалған нұр-сұлтандық тұрғындар оқиғаларымен бөлісті
https://stan.kz/iigindagi-pogondari-senim-siyladi

Жәбірленуші Гүлжан Бұхарова азаматтардың иығында погондары болғаннан кейін, еш секем алмастан барып тіркелгенін айтады.

"Ондай адамдарға халық тез сенеді. Сол себепті де егжей-тегжейлі тексермей, компанияның шығу тегін зерттемей тұрып адамдар кепілге мүлкін қойып, үйлері мен машиналарын сатып ақша салды. Солай тіркелдік. Қаражат құйған мекеменің қаржылық пирамида екені 5 шілдеде белгілі болды", - дейді әйел.

Гүлжан Бұхарова айтып отырған погоны бар азаматтар өздерін құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріміз деп таныстырған. Әйел әсіресе олардың өз жұмыстарын тастап, дивиденттер (салымшылар – ред.) есебінен өздерін толық қамтамасыз етіп отырғанын айтқан соң толық иланған. Осылайша ол көп ойланбастан, 35 000 доллар ақшаны қолма-қол беріп, уәде етілген пайда күмәнді болғанына қарамастан көлігін де инвестиция ретінде салып жібереді.

"Әр ай сайын 1% пайдадан түсіп тұрады деп уәде етті. Ол жерде криптовалюта. Шын мәнісінде біз ешқандай криптовалютаны көргеніміз жоқ. Сайттың өзі де өтірік жасалған. Және біз реквизиттерді де, криптовалюталарды да көре алмадық", - деп қосты Гүлжан Бұхарова.

Равиль Ахметов алдымен "World Business Consulting" компаниясына жылдық 25 пайызбен 12 000 доллар салып, кейін нәтижесін көрген соң тағы 75 мың қосады. Алайда бір сәтте бәрі келмеске кетті.

"Бір жарым жылдың ішінде ақша алынып, салынып жатты. Қозғалыс болды. Инвестиция салған адамдардың арасында түрлі азаматтар болды. Арасында заңгерлер де бар. Компания шынайы әрі жұмысы нақты болды. Алайда шын мәнінде мұның барлығы әдейі жасалған болып шықты", - деп түсіндіреді жәбірленуші Равиль Ахметов.

Алданып қалған адамдардың саны мыңға жуық. Алайда тергеушілер қаржы пирамидасына құрбан болғандар бірнеше есе көп екеніне сенімді. Тек олардың көпшілігі алаяқтардың арбауына түскенін мойындағысы келмейді.

"Негізінен мұндай қаржылық пирамидалар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде құрылады. Ресейде, басқа да мемлекеттерде. Олар халыққа, инвесторларға тез пайда табатынын айтып қызықтырады, ал біздің халық тез сеніп қалады. Жеңілдің үстімен жүріп байығысы келеді. Ал көп азаматтарымыз өзі жайлы туыстары мен достарының арасында жағымсыз пікір қалыптасады деп, арыз жазғылары келмейді", - Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің екінші тергеу бөлімінің басшысы Тимур Мұқанов.

Алаяқтықпен айналысатын компанияны ажыратудың бірнеше жолы бар. Оның өкілдері депозиттерді қабылдау туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензияларын көрсете алмайды. Міндетті кіру жарнасы төленеді. Клиенттерге әрбір жаңа келуші үшін бонустар төлеуге уәде береді.

Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері үш қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларға қатысты үкім шығарылды. Олар 5 жылдан 7 жылға дейін сотталды. Алайда зардап шеккендерге ақшаның толық қайтарылуына ешкім кепілдік бермейді. Жәбірленушілер үміт артатын жалғыз нәрсе - компаниялардың мүлкін сатқаннан кейін түсетін өтемақы.