Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

Нұр-Сұлтанда бір күнде 150 адам травматологияға түскен

Арасында 30 бала бар. Олардың барлығы – мектеп оқушысы. Тағы 17 адам аурухана төсегіне таңылған.

Нұр-Сұлтанда бір күнде 150 адам травматологияға түскен
фото: ашық дереккөз

Бір күнде 150 елордалық әртүрлі дене жарақатымен медициналық көмекке жүгінген. Бұл – тек травматология бөліміне түскен науқастар. Мұзға тайғанап құлағандардың ішінде балалар да бар. Арқада басталған қыс көлік тізгіндеген жүргізушілерді де әбігерге салуда, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Мұзға тайып жығылғандар арасында 30 бала бар. Олардың барлығы – мектеп оқушысы. Тағы 17 адам аурухана төсегіне таңылған. Дегенмен, дәрігерлер өміріне қауіпті жарақат алғандар жоқ деп отыр.

"Жалпы орта есеппен алғанда, травматологияның қабылдау бөліміне күніне 30-40 адам келеді. Енді кеше ауа райының күрт өзгеруіне байланысты, әрине, адамдар саны көбейді. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Кісі көп, орын жоқ деген жағдай болмады. Иә, кезекте тұрғандар болды. Бірақ әрқайсысы кезекпен медициналық көмегін алды", - дейді қалалаық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.

Сонымен бірге, көктайғақ кесірінен астанада 100-ден астам жол-көлік апаты болған. Абырой болғанда, қайғылы жағдай тіркелмеген. Елордалық полицейлер қардың толассыз жаууына байланысты көлік тізгініндегілерге қауіпсіздік ережесін сақтауды ескертті.

"Қала аумағында тәулік ішінде 136 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Яғни, апат 45 пайызға өскен. Зардап шеккендер жоқ. Ауа райы жағдайына байланысты жүргізушілерді көлікті басқару кезінде мұқият болуға, сондай-ақ, жылдамдықты асырмай, арақашықтықты сақтауға шақырамыз", - дейді ПД Әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инспекторы Бауыржан Тоқжұманов.

Ауа райын болжаушылар, алдағы 3 тәулікте күннің суытатынын айтты. Көптеген өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, жел күшеймек. Солтүстік аймақта бұрқасын болуы ықтимал. Ел астанасы – Нұр-Сұлтанда қар тағы жауады, әрі ауа температурасы төмендейді.

"Еліміздің басым бөлігінде -10, -18 градус, Қазақстанның оңтүстік батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында -2, -3 градус аязға дейін ауа температурасының біртіндеп төмендеуі күтіледі. Республика бойынша кейбір жерлерде тұман, оңтүстікте көктайғақ болады", - деді "Қазгидромет" РМК өкілі Айнұр Қайынбаева.

Алматыда да кешелі бері күн райы халықты әбігерге салып тұр. Түнде 39 жол апаты болып, 2 адам көз жұмған. Төтенше жағдай мамандары мұндай жағдайларды болдырмау ережелерін ұсынды.