Прямая трансляция

Астана

Астана

2°C

"Ешкім құлақ аспаған": Өндіріс кезінде машинист тірідей жанып кетті

Жаңаөзенде "Кезби" ЖШС компаниясының 43 жастағы жұмысшысы қаза болды. Бұған дейін жұмысшылар бірнеше рет жалақының аздығын айтып, шағымданған компанияда өрт болып, жұмысшы тірідей жанып кеткен, деп хабарлайды Paryz.kzStan.kz-ке сілтеме жасап.

"Ешкім құлақ аспаған": Өндіріс кезінде машинист тірідей жанып кетті
Сурет: Stan.kz

"14.06 күні сағат 23:50 шамасында Жаңаөзен қаласынан 40 шақырымда орналасқан Қарақия ауданындағы "ӨзенМұнайГаз" АҚ Мұнай және газ өндіру басқармасы №49 топтық қондырғының аумағында №9180 ұңғымасы жанып, АПРС-40 көтергіш қондырғысы өртенді. Өрт 15.06 күні сағат 00:51-де сөндірілді. Өрт болған орында денесі күйіп кеткен мәйіт табылды. Өрттің шығу себептері анықталуда", - деп мәлімдеді Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Марқұм 1979 жылы туған, Бейнеу ауылының тумасы. "Кезби" ЖШС-де жүк тиегіш машинисі болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға орнынан түсірілген видеоны Жаңаөзен қаласының тұрғыны өз парақшасында жариялады.

"Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды, техниканың бәрі ескі, осы мәселені көтеріп Астанаға да бардық, бірақ сөзімізге ешкім құлақ асқан жоқ. Ал соңы адам өлімімен аяқталды", - деп жазды Нұрсұлтан Нұрымұлы есімді азамат.

Айта кетейік, "Кезби" ЖШС жұмысшылары былтыр және биылғы көктемде бірнеше рет ереуілге шыққан. Компания басшылығы оларды сотқа беріп, ереуілді заңсыз деп таныған.

Кейін "Кезби" ЖШС жұмысшыларының талаптарын орындағанын хабарлағанымен, 150-ге жуық адам ереуілдерін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ компания ереуілге шыққандардың орташа жалақысы 674 мың теңгені құрайтыны туралы ақпарат таратқан.