10 маусым күні «АрселорМиттал Теміртау» цехтарының бірінде металлургиялық пешті жөндеу кезінде 4 адам қаза тапты. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.
«Бүгін «АрселорМиттал Теміртауда» отқа төзімді материалдармен жұмыс жасайтын мамандар қазаға ұшырады. Қайғылы оқиға жұмыс жасамайтын жылу пешіндегі отқа төзімді материалды бөлшектеу кезінде орын алды. 4 адам қайтыс болып, біреуі ауруханаға түсті», - деп жазды облыс басшысы.
Оқиға орнында ТЖД, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, сондай-ақ комбинат басшылығы және басқа да жауапты тұлғалар жұмыс істеп жатыр.
«Құрылысмет» ЖШС («АМТ» АҚ еншілес кәсіпорны) мастер-пресс цехының жұмыс істемейтін №9 термиялық пешінде отқа төзімді құрылысты бөлшектеу кезінде шатыр опырылып құлаған. Пеш күмбезінің құлауы салдарынан (көлемі - 5х5х10м) «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық пештерді жөндеу цехының 5 маманы үйінді астында қалды. Олардың төртеуі қаза тапты.