Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«Бет-аузының сау-тамтығы қалмаған»: Қарттар үйінде соққыға жығылған әже қайтыс болды

Әлеуметтік желіде аяусыз соққыға жығылды деген кейуананың видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, әжей Тараз қаласындағы қарттар үйінің бірінде тұрып жатқан. Көп ұзамай журналист Ирина Советжанқызы видеодағы әжейдің қайтыс болғаны туралы өзінің Facebook парақшасында жазды. Бұл видеоға қатысты Жамбыл облысының полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz, nur.kz-ке сілтеме жасап.

«Бет-аузының сау-тамтығы қалмаған»: Қарттар үйінде соққыға жығылған әже қайтыс болды
Сурет: Видеодан стоп кадр

Instagram-дағы пабликтердің бірінде қарттар үйінің тұрғыны ауыр соққыға жығылғаны жайлы ақпарат көптің назарын аудартты. Паблик әкімшісі қарттар үйінде түсірілген видеоны желіге жүктеп, ондағы басқа да қариялардың жағдайына алаңдағанын жазған.

«Қарттар үйінде тұрып жатқан бір апамыздың жайы осындай болып жатыр. Сонда қалған ата-апаларымыз қандай күйде екен», – деп алаңдаушылық білдірген автор.

Видео кейіпкерінің үсті-басы, бет-аузының сау-тамтығы қалмаған. Көзі ісіп, иығы мен желке тұсы қатты көгерген.

«Мына жерім ауырады, осы жерден соққы алдым», – дейді видеодағы кейуана иығын ашып көрсетіп.

Сәл кейінірек журналист Ирина Советжанқызы сол әжейдің қайтыс болғаны анықталғанын жеткізді.

«Өкінішке қарай бұл әжей қайтыс болыпты. Өткен айда орталық қызметкерлері полицияға да хабар бермей, жерлеп тастаған. Тараздағы қарттар үйінің тұрғыны екен», – деп жазды Ирина Советжанқызы Facebook парақшасында.

Бұған қатысты Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

«Аталған бейнежазба бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті шұғыл түрде арнайы топ құрып, олар көрсетілген мекенжайға жіберілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесі хабарланатын болады», – делінген хабарламада.