Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қырғызстандық музыкант Алматы полицейлерінен көрген азапты айтты

Қызрғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Алматыдағы оқиғалардан кейін қалай азапталғаны жөнінде алғаш рет айтып берді, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Қырғызстандық музыкант Алматы полицейлерінен көрген азапты айтты
Сурет: Stan.kz

Викрамның сөзінше, ол музыкадан бөлек ІТ саласында кәсіппен де шұғылданады. Алматыға бірнеше серіктесімен болашақ жобаларды талқылау үшін келген. Алайда 4 қаңтарда митинг басталып, достарының кеңесімен 6 қаңтарға дейін ешқайда шықпаған. Жағдай ушыққан соң еліне қайтпақ болған Рузахунов 7 қаңтарда бекетте полицейлердің қолына түсіп, азапталғанын айтады.

7 ақпанда "Сайран" автобекетінен көлікпен Бішкекке қарай шыққан. Викраммен қоса көлікте көлікте тағы үш жолушы болған.

Алматы-Бішкек тас жолы бойында Самсы ауылындағы бекетте көлікті тоқтатып, жолаушыларды тексерген екен. Осы кезде Рузахуновтың қырғызстандық төлқұжатын көрген полицейлер көліктен шығуға бұйырыпты. Басынан таяқпен ұрып, алып кеткен. 

Заттарымды шашып тастады. Бұл заттардың барлығын Алматыда ұрладың, сен ұрысың деп айыптады. Телефонымда сол киімдермен түскен суреттерімнің бар екенін айтсам да сенбеді. Соққыға жығуды жалғастырды. Сосын мені басқа арнайы жасақ сарбазына табыстады, ол шатырдың артына алып барып ұрды. Жұдырықпен ұрып, тепкінің астына алды. Таяқпен де ұрды. Тізерлеп отыруға бұйырып, басыма автомат кезеді, - дейді Викрам Рузахунов. 

Оның сөзінше, әскерилер ұры деп айыптап, Алматыға неліктен келгенін сұраған. Бұдан кейін киімдерін шешіп, күртеше мен футболка ғана қалдырғанын айтады. 

Сарайға алып барды. Оның ішінде 30 шақты тұтқын болды. Сол жерде қараңғы түскенше ұстады. Тұтқын секілді басымызды төмен түсіріп отыруға мәжбүр болдық. Осы уақыттың ішінде автобустарды тексеріп, ұсталған ер адамдарды алып келді. Менімен бірге қазақтар, өзбектер, тәжіктер мен дүнгендер болды, - деп қосты Рузахунов. 

Музыкант кешке барлық тұтқындарды ұлты бойынша бөлгенін айтады. Өзімен бірге тағы 5 қырғыз азаматы болған. Кейін олар да босап шыққан екен. Кейін барлығын уақытша ұстау камерасына алып барып, азаптауды жалғастырды дейді. 

Камерада азаптап, Алматыға тонау үшін келгенімізді мойындаңдар деді. Тәртіпсіздіктерге қатысқанымыз жөнінде түсініктеме беруіміз керек еді. Кейде камераға кіріп, жайдан-жай ұрып кететін. Көбіне жауап алу кезінде соққыға жығатын. Жеке камераларға жиі алып кетіп, ұруды сол жерде жалғастыратын. 

Азаптау әр түрлі болатын. Жұдырықпен, аяқпен барлық жерден ұрады. Автомат кезеп, темір шынжырмен бастан, арқадан, аяқтан ұрды. Ағаш еден жуғыш сынғанша сабайтын", - дейді Викрам Рузахунов. 

Рузахунов әскерилер тек іш киіммен еденге жатқызып, текпінің астына алатын дейді. Барлығы митингке қатысқандарын мойындату үшін жасалған екен. Сонымен қатар кісі өлтіріп, адамдарды пышақтады, дүкен тонады деген сынды айыптар тағылған. 

7-10 қаңтар аралығында камерада болдым. Бізге бір рет жаппа нан мен ыстық тамақ беретін. Ал 8 қаңтарда ұрып болған соң бейнекамера алдында әрекеттерін мойындайтын бір адамның қажет екенін айтты. Осы сәтте мені басқа камераға алып барып, камера алдында сөйлемесем ұруды жалғастыра беретіндерін мәлімдеді. Егер барлығын айтып берсем, еліме қайтарамыз деді. Мен келістім. Айту керек сөздерді қағазға жазып беруді сұраған едім, есімде сақтап алуға бұйырды. Бірнеше рет қайталаған соң жаттап алдым. Бұдан кейін журналистерге алып барды. Егер журналистер басқа сауалдар қойса ше деп сұрап едім, алаңдама деп жауап берді, - дейді қырғызстандық музыкант. 

Викрам сұхбат кезінде камера артында бір адамның тұрғанын айтады. Ол қойылған сауалдарға қандай жауап беру керегін айтып тұрған. 

Рузахунов камерада болған күндері әлемдегі жаңалықтардан хабарсыз болдым дейді. Бастарын көтеріп, жан-жақтарына қарауға тыйым салған. Ал 10 қаңтарда кезекті жауап алуға барғанында елші келгенін айтып, қағаздарды толтыра бастаған. 

Менің кім екенімді ешкім тексермеді. Танымал музыкант екенімді айтып едім, мазақ қылып күлді. Ғаламтордан атымды іздейміз деген, бірақ кейін мұны істемеді, - деп қосты ол. 

Бішкекке оралған соң Рузахунов қабырғалары сынып, ми-бас сүйек жарақатын алғанын білген. Бірден жансақтау бөліміне алып барып, ота жасаған. Қазір ол бір ай ем алса да әлі толық айыға қоймағанын айтады. 

Мен бұрыннан бері қазақстандық серіктестермен жұмыс істеймін және Қазақстанды дамыған ел ретінде көретінмін. Алайда еш уақытта орта ғасырдағыдай жолда тұрып адамдарды жинап, ойларына келгенін жасайды деп ойламаппын, - деп мәлімдеді Викрам Рузахунов. 

Музыкант Қырғызстан халқынан тағылған айыптың алып тасталғанына қуанышын білдірді. Сонымен қатар қазақстандық әскерилердің екінші видео түсіріп, сақтанғандарын қосып өтті. Екінші сценарий бойынша камераластарынан видеоға түссе босататындарын естіген Рузахунов та жасамаған әрекеттерді мойындап, камера алдында сөйлеген. 

Бұл жағдай туралы көп ойландым. Қазір ештеңе болмағандай музыка және кәсіппен шұғылдана алмаймын. Менің басымнан өткен жағдай ТМД елдеріндегі құқықтық ортаны жақсартуға көмектесіп, демократия мен адам құқығын дамыту үшін жақсы себеп деп ойлаймын, - деп түйіндеді ол.