Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Кентауда ашуға бой алдырған ер азамат өзгенің үйін өртеп жіберді

Түркістан облысының полицейлері өзгенің үйін өртеп, 10 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кентауда ашуға бой алдырған ер азамат өзгенің үйін өртеп жіберді
Фото: Polisia.kz

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің малды ауылдағы бір бөлмелі үйін әлдекімнің қасақана өртегенін жеткізді. Үй ішінде тұрмыстық заттармен және күн көзінен қуат алатын қымбат құрылғы орнатылған. Оқиға салдарынан жәбірленуші 10 млн теңгеге шығынға батты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі (Қасақана өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Нәтижесінде, полиция қызметкерлері  бір сағат ішінде күдіктіні анықтап, оны көше бойынан ұстап, дереу ҚПБ-ға жеткізді. Ол бұрын сотты болған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, күдікке ілінген ер адам жәбірленушінің малын бағатын бақташының танысы болып шықты. Яғни, бақташы мен оның арасында келіспеушілік туындаған. Содан түсінбеушіліктің арты дауға ұласып, ашуға бой алдырған күдікті үйге өрт қойған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.