Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Атырауда табылған қабірде Қасым хан жатқан болуы мүмкін

Ескі мазардың орны тарихи құжаттармен дәлме-дәл келіп тұр.

Атырауда табылған қабірде Қасым хан жатқан болуы мүмкін
Фото: inbusiness.kz

Атырауда Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықтан табылған қабір Қасым ханға тиесілі болуы мүмкін. Қазір мәйіттің 8 метрлік іргетасын қазып, адам сүйектеріне дейін жеткен археологтар осындай болжамға келіп отыр, деп хабарлады inbusiness.kz.

Алайда, ондағы қаңқаларды бүлдірмей алуға бертініректе қайтыс болып, үстіне жерленіп кеткен мәйіттер кедергі келтіреді екен. Сондықтан қазір оларды басқа жерлерге қайта жерлеу міндеті тұр. Ол үшін жергілікті имамдардың рұқсаты алынған.

Ғалымдар қабірдің Қасым ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжамға жайдан жай келіп отырған жоқ. Мазардың орны 2006 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған. Ал былтыр тарихшылар Санкт-Петербургтегі архивтен Сарайшық қаласының 1961 жылғы сызбасын тапқан. Онда ресейлік зерттеуші-ғалым Алексей Алексеев хан ордасының орнын тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Оған сүйенсек, бұл арада "Хан ордасы" деп аталатын жер болған. Ол күмбезді, үш жағында терезесі, шығысында есігі бар, еңселі ғимарат болған. "Хан ордалы Сарайшық" музей қорығының археологы Айбек Тұрарұлының айтуынша, табылған қабірхана сол деректерге сәйкес келеді екен.

Айта кетейік, Сарайшықта қазақ ұлтының қалыптасуындағы орны ерекше жеті хан жерленген. Оның ішінде бұған дейін Тоқты, Жәнібек, Бердібек, Барақ, Тоқтамыс хандардың жерленген орны анықталған.

"Сарайшық кешені тұрған жерден Қасым ханға ескерткіш орнату жөніндегі бастама көтеріліп еді, қазіргі күні аяқсыз қалып отыр. Сол сияқты, режиссер Ақан Сатаев Қасым хан жайлы фильм түсіріп жатыр, оның бір бөлігін осы Сарайшықта түсіруі керек деп санаймын. Алтын Орданың жеті ханы билік құрған жерден лайықты декорация құрып қойсақ, тарих алдындағы борышымыз бен ұрпақ алдындағы міндетіміздің орындалғаны болар еді", – дейді "Сарайшық" музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.