Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Интернетте балаларды суицидке итермелейтін 14 топ белгілі болды

Психологтардың сөзіне қарағанда, қауіпті ойын "ілмегіне" ілінгенін балалар көпке дейін аңғармай жүреді. Желідегі кураторларға да керегі осы. Кейін олар ойынды қыздыра түсіп, балаларды жарға итеретін көрінеді.

Интернетте балаларды суицидке итермелейтін 14 топ белгілі болды
фото: tengrinews.kz

Елде жасөспірімдер арасында өзіне өзі қол салатын факті жиілеп кетті. Олардың дені ғаламтормен байланысты. Балаларды компьютерлік ойынмен баулап алып, артынан оларды өлімге итермелейтін топтар көп. Жыл басынан бері сондай 14 топ анықталып отыр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Қауіпті онлайн ойындардың дені көрші Ресейден кірген. Әлеуметтік желілер арқылы тараған ойындардың ең әйгілісі "Синий кит" пен "Тихий дом". Жастар арасында суицидті насихаттайтын "от ойындардың" кейбірі өзіміздің елде де бар. Жуырда соның бірі Арыстан, екіншісі шығыс аймақтан анықталды.

"Түркістан облысысында Арыс қаласының тұрғыны ұсталды. Ол өзі құрған телеграмм каналдары арқылы жасөспірімдерді суицидтік бағыттағы ойындарға қатысуға шақырып отырған. Тексеру барысында осы ойынға қызығушылық танытып, ойынға қатысып, 21 тапсырманың 12-сін орындаған", - деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Ішкі істер органдары әлеуметтік желілерді мұқият сүзуге тырысады-ақ. Мониторинг кезінде, күдік тудырған топтар бірден бұғатталады. Алайда, ол аздық етеді. Қауіпті топтармен күресті жағыз ішкі істер органдары ғана емес, Білім және ғылым министрлігі де қолға алды.

"Әрине, қоғамда балаларды суйцидке итермелейтін ойындар азаймай тұр. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін комитет телеграмм желісінде "БАЛА ҚОРҒАУ" чатын да ашқан болатын. Осындай жағдаймен 3 мыңға жуық арыз түсті. Әрқайсысына жеке-жеке шара қолданылуда", - деді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Гүлнәз Қашқарова.

Өкініштісі, мұндай онлайн-ойындар қармағына мектеп оқушылары жиі түсіп жатады. Бұған ойын жасындағы баланың ақ-қарасын ажырата алмауы себеп болуы мүмкін. Сондықтан мамандар мектеп қабырғасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Педагогтар ғана емес, ата-ана да бұл мәселеге атсалысуы керек.

"Үлкендер тарапынан қадағалаудың аздығынан болып тұр. Мейлі, ол ата-аналардың тарапынан болсын, ересектердің тарапынан болсын. Балалары компьютерлік ойын ойнап отыр ма, келеңсіз ақпараттарды қарап жатыр ма, сол жағы қадағалаусыз. Ойынның әлемін өміріне әкелген бала өмір мен өлімді ашып түсіне алмайды", - дейді психолог Гүлнәр Кетпенбаева.

Психологтардың сөзіне қарағанда, қауіпті ойын "ілмегіне" ілінгенін балалар көпке дейін аңғармай жүреді. Желідегі кураторларға да керегі осы. Кейін олар ойынды қыздыра түсіп, балаларды жарға итеретін көрінеді.

Тіпті, әлеуметтік желіде күні-түні онлайн отыратын кураторлар әр баланы зерттейді екен. Тапсырмалары да әрқайсысына сай. Негізінде олар интернет арқылы ұяң, момын немесе жан күйзелісіне түскен балаларды іздейді-міс. Құзырлы органдар қанша алысқанымен, ондай қауіпті топтар азаяр емес. Өйткені, олар өздерін ғаламторда тым еркін сезінеді.