Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Алматыда қару және бір сөмке ақшамен мақтанған "Жаркенттің жігіттері" ұсталды

Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша мұндай 50-ге жуық іс тіркелген.

Алматыда қару және бір сөмке ақшамен мақтанған "Жаркенттің жігіттері" ұсталды
фото: видеодан скриншот

Бүгін жеңіл көліктің ішінде суық қару мен бір сөмке ақшаны көрсетіп, әлеуметтік желіні дүрліктіргендердің кім екені анықталды. Енді олардың қомақты қаржыны қайдан алғаны тексерілмек. Қарудың да иесі іздестіріліп жатыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Желіккен жастар желіні шулатуға неге құмар? Бұның да заң алданда жауапкершілігі бар екенін олар білмей ме? "Жаркенттің жігіттері!" деп ұрандатқандар ол бейнежазбаны кеше түсірген. Онда көлікте отырған ер адам ақша толы сөмке мен Калашников автоматына ұқсас қаруды және тапаншаны көрсетеді.

"Қазіргі таңда бұл фактінің мән-жәйін анықтау үстіндеміз. Жақын арада бұл адамдардың әрекетіне заңды тұрғыдан құқықтық баға берілетін болады және заңнаманың талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылады", - деді Алматы облысының ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай былтыр елорда да тіркелген еді. Көлік ішінде қару ұстап, "Астана біздікі" деп желіні шулатқан бұзақы қазір абақтыда отыр. Ол кадрды түсірген және көлік жүргізген қос досына сот ешқандай жаза тағайындамаған еді. Әрі сотта бейнежазбадағы қарудың ойыншық екені дәлелденген.

Жалпы, қоғамда бұзақы әрекеттер жасап, оны әлеуметтік желіге салатындардың қатары жыл сайын артып келеді. Психологтардың пайымынша, мұндай қадамға көбіне жастар танымал болу үшін барады.

"Олар үшін бұл ауытқушылық емес, қалыпты жағдай болып есептеледі. Әрине, психикалық ауытқушылық болмаса да, жалпы адами адамгершілік ауытқушылық. Тек танымалдылыққа ғана ұмтылу. "Қайтсек өзімізді өзіміз көрсетеміз?" деп қаншалықты танымалдылыққа ұмтылғанымен, жеке бастарының қауіпсіздігін ұмытып кетіп жатады", - дейді психолог Гүлнәр Кетпенбаева.

Облыстық Полиция департаменті желінің бүгінгі жұлдыздарының кім екенін анықтапты. Олар Алматы қаласының тумасы дейді. Тергеу барысында қарудың шынайы немесе ойыншық екендігі анықталмақ. Ақшаның да қайдан келгені тексеріледі. Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша мұндай 50-ге жуық іс тіркелген.