Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Ақмола облысында 5 млн теңге пара алған шенеунік жеті жылға сотталды

Сондай-ақ, сотта бұрынғы басқарма басшысын "Құрмет ордені" мемлекеттік наградасы мен "Ерең еңбегі үшін" медалінен айыру туралы ұсыныс жасалды.

Ақмола облысында 5 млн теңге пара алған шенеунік жеті жылға сотталды
Фото: altaynews.kz

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бұрынғы басшысы Р. Бикенов пен облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы басшысының орынбасары И. Әкімоваға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы paryz.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

"Көкшетау қалалық сотының үкімімен Р. Бикенов ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 3-бөлігі 2,3 -бөлімшелері, 366-бабының 3-бөлігі 3,4-бөлімшелері бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды", - дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, бұдан бөлек, ҚР ҚК 49-бабының 2-бөлігі бойынша Р. Бикеновті "Құрмет ордені" мемлекеттік наградасы мен "Ерең еңбегі үшін" медалінен айыру туралы ұсыныс жасалды.

"Ал ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігі 2,3-бөлімшесі бойынша кінәлі деп танылған И. Әкімоваға 3 161 290 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, оны өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырды", - деп толықтырды ведомстводан.

Сотта белгілі болғандай, Р. Бикенов пен И. Әкімова Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жанындағы облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына 3 161 290 теңге залал келтірген.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қазан айында Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бұрынғы басшысы Р. Бикенов 5 миллион 700 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

Сот үкімі әзір күшіне енген жоқ.