Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ғалымдар Жаңақорғанда жылқылардың қырылу себебін түсіндірді

"Емдеуге келетін ауру, бірақ, бұны осы дәрежеге жеткізбес үшін арнайы профилактикалық шаралар жүргізуіміз керек", - деді паразитолог Гүлнази Ахметова.

Ғалымдар Жаңақорғанда жылқылардың қырылу себебін түсіндірді
фото: aikyn.kz

Алматыдан Қызылорда облысына келген ғалымдар, паразитарлық ауруға шалдыққан мал, адам үшін қауіпті емес екенін дәлелдеді. Жаңақорғанда жаппай жылқылардың қырылуына не себеп болғанын ветеринарлармен бірге мал иелеріне де көрсетті. Қойылған диагнозға күдікпен қараған шаруалардың сұрақтарына да жауап беріп, кеселдің алдын алу жұмыстарын түсіндірді, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Ғалымдар Алматыдан Жаңақорған ауданына арнайы ат басын бұрған. Олар ауыл-ауылды аралап, шаруалармен кездесті. Ауруға шалдыққан жылқыны сойып, мал иелерінің күдігін сейілтті. Жылқының ішектерін жаулаған гастрофилез және параскаридоз құрттарын көрсетті.

"Сойып, зерттеу нәтижесінде, сол екі диагнозды қойып бердік. Біреуі – гастрофилез, екіншісі – параскаридоз деген аурулар. Емдеуге келетін ауру, бірақ, бұны осы дәрежеге жеткізбес үшін арнайы профилактикалық шаралар жүргізуіміз керек", - деді паразитолог Гүлнази Ахметова.

Ғалымдар малға уақытылы вакцина салдырып отыруға кеңес берді. Қора-қопсыға да дизенфекция жасатып тұрудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл шаруаларды шығынға ұшыратпаудың басты тетігі дейді. Мал иелері де мұны құптады. Олар сырқаттанған төрт түлікті емдеудің қыр-сырын білікті мамандардан үйреніп жатқандарын айтты.

"Ғалымдар өздерінің іс-тәжірибелерін көрсетіп жатыр. Содан сабақ алып, малдардың, жылқылардың бәрін солай емдейтін боламыз. Ветеринарлық препараттар бар, барлығы толық. Жылына екі мезгіл көктемде, күзде дәрілеп тұрсақ, бұл ауруды жеңіп шығуға болады", - дейді "Өзгент-С" шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Төлегенов.

Аудандағы ауылдарды аралап, бірнеше күн зерттеу жүргізген ғалымдар мен ветеринар көрген-түйгендерін ортаға салды. Шаруаларға малға таңба немесе заманауи чип салу туралы кеңінен мағлұмат берді. Айтуларынша, бұл малшыға ғана емес, ветеринария үшін де тиімді көрінеді. Сонымен қатар, мал ұрлығын болдырмаудың оңтайлы тәсілі деседі.