Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Жүргізушісі адам қаққан Тұрсынбек Қабатов марқұмның туыстарынан кешірім сұрамаған

Жалғыз ұлымнан айрылдым деп етегі жасқа толған ана осы іс бойынша сотқа 4 рет шағым түсіріпті. Алайда, оның біреуі қаралмаған.

Жүргізушісі адам қаққан Тұрсынбек Қабатов марқұмның туыстарынан кешірім сұрамаған
фото: stan.kz

"Тұрсынбек Қабатов та, баламды қаққан жүргізуші де кешірім сұрап келген жоқ". Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан 34 жастағы жігіттің анасы «Астана» телеарнасына осылай сұхбат берді.

Еске сала кетсек, белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың басы өткен жылы дауға қалған болатын. Қазанның 13 күні Теміртау-Нұра-Нұр-Сұлтан тас жолында жол-көлік оқиғасы болып, бір адам қаза тапқан-ды. Ал сондағы "Лексус" автокөлігі Тұрсынбек Қабатовтікі болып шықты. Әртістің өзі "көлікті көмекшім басқарған" деп ақталды.

Кейін көлікті әртістің 25 жастағы көмекшісі басқарғаны туралы ақпарат тарады. Ол тек жүргізуші куәлігінен айырылған. Полицияның хабарлауынша, көмекшінің жәбірленушіні айналып өтетін мүмкіндігі болмапты. Соңы қайғылы оқиғаға әкеп соққан.

"Одан басқа, "Лексус" жүргізушісінің алкогольдік ішімдік ішпегені, ал жәбірленушінің орташа дәрежеде мас халде болғандығы анықталды. Анықтау барысында, қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды. Қабылданған шешім заңдылығы қазір прокуратура органдарымен тексерілуде", - дейді Қарағанды облысы ПД анықтау басқармасының басшысы Алмас Саламатов.

Жалғыз ұлымнан айрылдым деп етегі жасқа толған ана осы іс бойынша сотқа 4 рет шағым түсіріпті. Алайда, оның біреуі қаралмаған. Амалсыз ана жақында 5-ші арыз түсірді. Ол іс Ішкі істер министрлігінің қарауына түскен екен.

"Қара жамылып отырғанда баламды соққан Хасенбаевтың әкесі келді, бірақ, оның не айтқаны есімде емес. Ал кінәлі Хасенбаев пен Қабатовтың өзі кешірім сұрап келген емес. Менің бар талабым: құқық қорғау органдары ұлымның қазасы жайлы барлық мән-жайды ашық және әділ тексерсін және қылмыскер тиісті жазасын алсын", - дейді марқұмның анасы Даджан Омарқұлова.

Автокөлік иесі Тұрсынбек Қабатов болса, бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып ақталуда. Өтінгеннен кейін көлікті көмекшісіне сеніп беріпті. Оның жүргізуші куәлігінен айырылғанын сол кезде білмеген де көрінеді.

"Оқиғаның өз куәгерлері болған екен. Содан сол жігітке айттым, "қолыңмен істегенді мойныңмен көтер, мен араласпаймын" деп. Біреулер "Тұрсынбек шешіп тастады, ол ақша берген" деп жүр. Мен ешкімге хабарласқан да, ешкіммен сөйлескен де емеспін. Бұл іске араласқан жоқпын. "Көлік сенікі ғой" деп кінә тағып жатқандар болса, кешірім сұраймын. Бірақ, мен ол көліктің ішінде болған жоқпын", - дейді Тұрсынбек Қабатов.

Құзырлы органдағылардың мәлімдеуінше, бұл іс прокуратурада қайта қаралып жатыр. Ал жазатайым апаттан қаза тапқан азаматтың артында әйелі мен 10 жасар баласы қалды.