Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Цифрлық активтер: АХҚО аумағында жұмыс істеу ерекшеліктері

АХҚО-ның қолданыстағы құқығы азаматтық-құқықтық және қаржылық қатынастарды реттейді.

Цифрлық активтер: АХҚО  аумағында жұмыс істеу ерекшеліктері
Дереккөз: egemen.kz

Бүгінде қаржылай сауаттылық жағынан қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, олардағы операциялардың реттелуі және алаяқтардың құрбаны болмау сынды түйткілді мәселелер көпті алаңдатыратыны сөзсіз. Сол себепті мақаланың бүгінгі санында осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітуді жөн санадық.

Елімізде қаржы саласында цифрлық активтер мәселесі ең өзекті деген тақырыптардың біріне айналып отыр. Осы орайда, Қазақстанда «Астана халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) аумағында цифрлық активтерге қатысты нормаларды реттейтін «Quantdart Fintech Limited» жеке компаниясы бар екенін атап өткен абзал.

Естеріңізде болса, 2020 жылдың 25-ші маусымында еліміздің бірқатар заңдарына тиісті түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Дәлірек айтсақ, ҚР Азаматтық кодексінің 115-бабы «цифрлық актив» ұғымымен толықтырылды. Бұл өз кезегінде ҚР нормативтік-құқықтық актілермен және АХҚО актілерімен реттелетін заң күші бар құжаттың бірі болды.

Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңы 2020 жылғы 25 маусымда      33-1-баппен толықтырылды, онда қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер туралы ұғым берілді.

Қамтамасыз етілген сандық активтер – тауарларға/қызметтерге мүліктік құқықтарды куәландырады. Бұл құқықтардың көлемін Эмитент белгілейді (құжат, Whitepaper деп аталатын сипаттаманы береді).

Қамтамасыз етілмеген сандық активтер – бұл блокчейн жүйесінде консенсусқа қатысу және қолдау үшін таңбалауыштар, мұндай активтер ештеңемен қамтамасыз етілмеген және көбінесе олардың эмитенті (сандық активтерді шығаратын тұлға) белгісіз болады. Қамтамасыз етілмеген сандық активтерге Bitcoin, Ethereum сияқты цифрлық активтердің түрлері кіреді.

Қазақстанда қамтамасыз етілмеген сандық активтердің айналымына тыйым салынады, бірақ бүгінгі күні осы норманы бұзғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

АХҚО – ел экономикасын дамытудың жаңа драйверіне айналуда

АХҚО - қаржы саласында ерекше құқықтық режим қолданылатын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен айқындалған, дәл белгіленген өзіндік шекаралары бар Нұр-Сұлтан қаласының шегіндегі аумақ болып табылады.

Бұл юрисдикцияның өзінің қолданыстағы құқығы бар, ол: Конституциядан, 2015 жылғы 7 желтоқсандағы «Астана халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық Заңнан, орталықтың актілерінен, сондай-ақ осы Конституциялық заңмен және орталықтың актілерімен реттелмеген бөлігінде қолданылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығынан тұрады.

АХҚО-ның қолданыстағы құқығы азаматтық-құқықтық және қаржылық қатынастарды реттейді. Орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі, бұл осы юрисдикцияда тіркелген компанияның барлық хат-хабарлары, есептілігі және корпоративтік құжаттамасы ағылшын тілінде жүргізілетіндігін білдіреді.

Сондай-ақ, аталған юрисдикцияның тәуелсіз соты бар, ол Қазақстанның сот жүйесіне кірмейді және тараптардың бірі – АХҚО қатысушысы болған әртүрлі күрделі дауларды қарайды.

АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) АХҚО-ның компанияларға қаржылық қызметтер көрсетуге, лицензия беруге уәкілетті тәуелсіз органы болып табылады. Комитет цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін лицензиялар береді, оларды басқа мемлекеттік органдар таниды және Қазақстан Республикасының аумағында заңды күші бар.

АХҚО-дағы цифрлық активтердің айналымы

АХҚО-да қамтамасыз етілмеген активтердің айналымы «FinTech Rules» қаржылық технологиялар қағидаларымен рұқсат етілген және онымен реттеледі. АХҚО-да цифрлық активтер – бұл инвестицияларға және оларды реттеуге арналған құрал болып табылады, ол тиісті қызметті лицензиялауды мақсат етеді. Сонымен қатар, АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті – клиенттердің санына, сондай-ақ әрбір клиент түрімен жасалатын операциялардың көлеміне қарай қажетті лимиттерді белгілей алады, сондай-ақ қаржылық және IT-аудит, комплаенс жүйесі және Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға (заңдастыруға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша арнайы талаптар қояды.

Цифрлық активтер нарығының лицензияланған қатысушысы ретінде «өз қызметкеріңді біл», «өз клиентіңді біл» және «өз өнім берушіңді біл» жүйелерімен түсіндіріледі, сондай-ақ компаниялар корпоративтік этика кодексін әзірлеуі және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік иммунитетті қалыптастыруға әрекет жасайды. Сонымен қатар, лицензияланған қатысушы қаржы мониторингі субъектісінің міндеттерін орындау мақсатында арнайы қызметкерлерді жалдауы тиіс, ол үшін қызметкерлердің тиісті сертификаты болуы қажет, олар Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігімен тұрақты байланыста болады. Агенттік Қазақстан Республикасының аумағында да, АХҚО юрисдикциясында да қаржы ұйымдарына (финмониторинг субъектілеріне) бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.

Сондай-ақ, «Tone of the top» жоғары үн қағидатын енгізу де маңызды болып табылады. Бұл компания басшылығы өзінің әріптестеріне және жұмысына заңды, адал және лайықты қарым-қатынасымен бүкіл ұйымдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қадағалайды.

Сонымен қатар, АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің лицензиясы бар және АХҚО-да цифрлық активтермен қызметті жүзеге асыратын компаниялар қаржы мониторингінің субъектілері болып табылады және заңда белгіленген шараларды қолдануға міндетті (жеке басын куәландыратын құжаттарды сұратып, өз клиенттерін сәйкестендіру).

Атап айтқанда, мұндай компаниялардың АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетіне, Қазақстан Ұлттық Банкіне, мемлекеттік кірістер органдарына және стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің статистика комитетіне есептілікті уақтылы тапсыру бойынша бірқатар міндеттемелері бар.

АХҚО-да дербес ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау бойынша ішкі саясат пен қағидалар әрекет етеді, олар орталықтың барлық қатысушыларын Клиенттің дербес ақпаратын сақтау үшін шаралардың толық тізбесін қабылдауға, іскерлік қарым-қатынастарды орнату мақсатында қажетті ақпаратты ғана жинауға міндеттейді, ал қағидаларды бұзу қомақты айыппұл салу жауапкершілігімен реттеледі.

Бұдан бөлек, АХҚО-да қаржы өнімдерін жарнамалауға қойылатын талаптарды белгілейтін бизнес жүргізу қағидалары (Conduct of business rules of the AIFC) қолданылады. Сонымен бірге, қолданыстағы ережелерге сәйкес қаржы өнімдерінің жарнамасы компания басшылығымен жазбаша түрде келісілуі керек және тек лицензияланған компаниялар қаржы өнімдерін жарнамалай алады, сондай-ақ жарнамада осы қаржы өнімінің жарнамасы кімге бағытталғаны туралы ескертулер, бұған қоса қаржы өніміне инвестиция салу кезінде туындайтын тәуекелдерге компанияның лицензиясы мен мәртебесі туралы ақпараттар қамтылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда әлі де жұмыс істеп тұрған отандық криптобиржалар жоқ. Алайда, QuantDART лицензияланған крипто-брокері бар, ол арқылы «cryptocurrencies» сатып алуға, оны сатуға, айырбастауға, қауіпсіз сақтауға және цифрлық активтер портфельдеріне қаражат салуға болады. Биржадан тыс сауда нарықтары, оның ішінде Telegram-дағы «қолдан» цифрлық активтерді сатып алу тәуекелдері де қамтылған. Мұндай жағдайларда сатып алушы цифрлық активті кімнен сатып алатындығын білмейді, сатушы ресми жұмыс істейтін компаниялар сияқты клиентке тиісті скоринг жүргізбейді және ақшаны жылыстатуға қатысушы бола алады.

Ресми жұмыс істейтін компаниялар арнайы базаларға қол жеткізе алады және клиенттерді тексереді. Ресми криптоброкер блокчейн жүйесіндегі іс-әрекеттердің тарихын көреді, сонымен қатар жүйеде барлық цифрлық активтер ақ (таза) және қара (жылыстатуға қатысқан және қызыл жалаушамен белгіленген іс-әрекеттерден өткен) болып бөлінеді.

Осылайша, адамға «лас» цифрлық активтер деп аталатын, яғни қылмыстық жолмен алынған немесе тыйым салынған ұйымдардан алынған (мысалы ретінде, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың ресми тізбелеріне кіретін) цифрлық активтер сатылуы мүмкін. Бұл дегеніміз, қылмыстық іс жүргізу шеңберіне ену қауіп-қатері бар және бұл жерде қылмыстық іс бойынша сіздің іс жүргізу мәртебеңіз тек «куәгер» ғана емес, сонымен бірге «қатысушы» болуы мүмкін екенін атап өту маңызды. Ал ол өз кезегінде ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы (3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы) бойынша жауапкершілікке тартылатыны белгілі.