Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Пандемия салдарынан отандық банктер цифрлық технологияларды жаппай жетілдіре бастады

Дүниежүзі мен елімізде кеңінен жайылған жұқпалы індет – коронавирустық пандемия банк клиенттерін де, тіпті банктердің өздерін де қаржы саласында заманауи трендтерге сәйкес, банк жүйесінде қызмет көрсетуде сапалы іс-әрекеттерді  қайта қарауға мәжбүрледі.

Пандемия салдарынан отандық банктер цифрлық технологияларды жаппай жетілдіре бастады
Дереккөз: ria.ru

Қазақстанда пандемия дағдарысы елдегі банктерге цифрлық технологияларды жаппай енгізуге жол ашты. Қаржылық институттар түрлі қызметтерді онлайн көрсетудің қыр-сырын меңгере бастады. Бүкіләлемдік пандемия қазақстандық банктердегі цифрлық технологияларды жетілдіруге қалай әсер етті? Мақаланың бүгінгі санында осы сауалға жауап іздейтін боламыз.

Дүниежүзі мен елімізде кеңінен жайылған жұқпалы індет – коронавирустық пандемия банк клиенттерін де, тіпті банктердің өздерін де қаржы саласында заманауи трендтерге сәйкес, банк жүйесінде қызмет көрсетуде сапалы іс-әрекеттерді  қайта қарауға мәжбүрледі.

Жалпы банк секторы – Қазақстан экономикасының басты салаларының бірі болып табылатыны анық. Ресми статистика деректері бойынша, екінші деңгейдегі банктердің активтері республика ІЖӨ-нің 38,8%-дан астам мөлшерін құрайды, ал 27 банктің ішінен 18-і еліміздің 300 ең ірі деген салық төлеушілердің тізіміне енеді.

Коронавирустық пандемия банк секторын тұрақтатпағаны анық. Карантиндік шараларға байланысты ішінара «тоқтап қалған» бизнестегі операциялар санының азаюынан бөлек, мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес қаржы институттары жеке және заңды тұлғалардың қарыздарын кейінге шегерген еді.

Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметі бойынша 2020 жылдың мамырына қарай еліміздің банк секторындағы өзіндік капитал 3,659 трлн. теңгені құраған, бұл сәуір айымен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге аз. Сонымен қатар, былтыр карантинмен тұспа-тұс келген наурыз айында қазақстандық 27 банктің 14-і бірден өз капиталының теріс өсімін көрсеткені белгілі болды.

Десе де, соған қарамастан, барлық банктер мамыр айына дейін қаржылай кірісін өтей алды, оның ішінде тіпті 27 қаржы институтының 22-сі қаржылай кірістердің шығындарынан асып кету фактісі де орын алды. Бұл көрсеткіш бойынша үздік үштікке Halyk bank, Kaspi Bank және ForteBank кіргенін атап өту қажет.

Еліміздегі коронавирустық пандемия кезеңінде өткен 2020 жылы - Қазақстан экономикасы жалпы әлемдік орташа деңгейден (әлемде 2,9%, республикада 4,5%) жоғары өсті, ал мұнай бағасы 2019 жылға қарағанда банктер үшін қолайлы болды деген қорытынды жасауға болады.

Сонымен бірге, карантиндік шаралар банктердің жеке бөлімшелерінің жұмысын уақытша тоқтата тұруға әкеп соқтырды. Қазақстанда төтенше жағдай режимі мен карантин салдарының орын алуына байланысты  өз табысынан айырылған азаматтарға мемлекет тарапынан 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы беру үрдісі еліміздегі банк секторының күрделі мәселесін, соның ішінде қашықтықтан көрсетілетін қызметтердің жеткіліксіз механизмін анықтады. Олардың алғашқысы – шоттарды онлайн форматта қашықтықтан ашу және клиенттерге төлем карталарын жеткізу болды.

Сонымен қатар, жәрдемақыға үміткер көптеген қазақстандықтардың бұрын банктерде шоттары болмағаны белгілі болды. Тіпті, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне екінші деңгейдегі банктермен бірге бөлімшелерге бармай-ақ жеке тұлғалар үшін шоттарды онлайн форматта қашықтықтан ашу және төлем карталарын ресімдеу алгоритмін әзірлеуге тура келді.

Осы орайда, алғашқылардың бірі болып Kaspi Bank клиенттерге онлайн форматтағы шот пен Kaspi Gold картасын ашуды ұсынды. Бұл банктің қосымшасы бүгінде еліміздегі ең танымал бағдарламалардың бірі болып табылады. Дәл осы Kaspi Bank-тен кейін, еліміздегі өзге де банктер жеке тұлғаларға шоттарды онлайн форматта қашықтықтан ашу қызметтерін ұсына бастады. 2020 жылы сәуір айының соңына қарай 1 млн-нан. астам адам онлайн форматта қашықтықтан карточкалық шоттарын ашты және 700 мыңға жуық клиент үйге жеткізілетін банк карталарын ешқандай қиындықсыз  емін-еркі алуға мүмкіндіктері болды.

Сонымен бірге, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша елімізде көшбасшы болып Halyk bank атанды, ол қашықтықтан онлайн форматта жеке тұлғаларға 564 615 төлем картасын ашты, Kaspi Bank – 358 884, ForteBank – 26 745, Центр Кредит Банкі – 25 258, сондай-ақ «Қазпошта» 88 397 төлем карталарын үйге жеткізгенін атап өту маңызды.

Бұдан бөлек, осы кезеңде банктер цифрландыру желісін жалғастыра отырып, басқа да сервистерді ұсына бастады. Қазақстандағы Сбербанк клиенттерге «Яндекс.Ақша» деген қызметті ұсынды. Бұл қызмет 2019 жылы Mediascope зерттеуі бойынша рунеттегі электрондық төлем қызметтері арасында көшбасшы болып табылған. Енді қазақстандық азаматтар «Яндекс.Ақша» қызметімен Ресей және бүкіл әлем елдері бойынша онлайн-сатып алуларды төлеу және мультивалюталық шоттарды ашуға мүмкіндік ала алды.

Осы ретте, Сбербанктің Қазақстандағы электрондық коммерция басқармасының директоры Илья Емельянов: «Біз Сбербанк пен Яндекстің ынтымақтастығына сенім артамыз. Ақша пайдаланушыларға үздік клиенттік тәжірибе әкеледі», - деп атап өтті.

Сол сияқты ForteBank те ел азаматтарына бірнеше қаржылық қызметтерін ұсынды. Олардың қатарына ForteForex сауда алаңын жатқызуға болады.  Ол бойынша банктің барлық клиенттері өз бағамы бойынша валютаны емін-еркін сатып алып, сата алады. ForteBank-тің қазынашылық басшысы Асыл Дәуітбаев: «Forte командасы күнделікті өмірде үйреншікті болған валюталарды айырбастау сияқты сервисті егжей-тегжейлі талдады. Біз мүлдем бірегей тәсілді іске асырдық деп үміттенеміз. Қазақстан нарығында біз жеке тұлғалар үшін мұндай шешімдерді әлі кездестірмедік», – деп мәлімдеді.

Айта кетерлігі, бұған дейін экожүйеде ForteMarket цифрлық дүкені және ForteTravel туристік турлары мен авиабилеттерін сатып алу сервисі іске қосылған болатын. Ал, былтырғы жылдың мамыр айынан бастап, банк «Beeline Қазақстан» операторымен серіктестікте ForteMobile мобильді байланысын ұсынды. Бұл Forte клиенттері үшін ұялы байланыс желісінде арнайы тарифтерді  ұсынатын болады.

Сонымен қатар, білікті сарапшылар соңғы бірнеше жылдарда қаржылық технологиялар әлемдік қаржы секторының өзгеруіне айтарлықтай оң әсер еткенін атап өтті. Посткеңестік елдерде ең перспективалы секторлар – бұл төлемдер мен қарыздар, цифрлық банкинг және маркетплейстер болып табылады.

Сондықтан, қазіргі таңда елімізде қаржылық технологиялардың дамуына толық негіз бар деп айтсақ артық айтқанымыз емес. 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 726% -ға, интернет-транзакциялар саны 2365% -ға өсті, ал интернет-төлемдер көлемі 7513%-ға, яғни 5,3-тен 405,5 млрд. теңгеге дейін өсті.

Осы орайда, олардың жетістігі үшін негіз бар. Ey Global FinTech Adoption Index 2019 консалтингтік компаниясының зерттеуіне сәйкес, дамушы елдерде экономикасы қуатты елдерге қарағанда, финтех-сервистерді дамытудың мүмкіндіктері жоғары көрінеді. Мысалы, Үндістан, Қытай және Ресейде оларды пайдалану үлесі 82%-дан 87%-ға дейін, ал Жапония мен Францияда бұл көрсеткіш сәйкесінше 34 және 35%-ға тең екендігін байқауға болады.

Қазақстан мен Ресей экономикалары құрылымының ұқсастығын, сондай-ақ интернеттің дамуын ескеретін болсақ, Қазақстанда да қаржылық технологияларды пайдаланатын азаматтар саны көп болады деп күтуге болады. Бұған дәлел бүгінде елімізде тек Kaspi Bank қосымшасының 7 млн.-ға жуық пайдаланушысы бар.

Алайда, Қазақстанда қазірге дейін «digital-банктер» жоқ екенін мойындау қажет. Дегенмен, жыл сайынғы Asiamoney best Bank Awards жүлдесінде 2019 жылы Альфа-Банк «ең үздік цифрлық банк»  деп танылды. Осы қаржы институты бұған Swift GPI аса жылдам халықаралық аударымдарды енгізу, банктің электрондық платформасы арқылы заңды тұлғалардың шоттарын ашу және бизнес үшін онлайн-кредит беру арқылы қол жеткізгенін атап өткен жөн.

Қазіргі коронавирустық пандемия дағдарысы көрсетіп отырғандай, ең алдымен даму үшін банк саласындағы бәсекеге қабілетті үлкен кеңістікке ие болу қажет. Сондай-ақ уақыт өте келе  қазақстандық нарықта толық цифрлық банктердің пайда болуын да күтуге болады.

Себебі, елімізде финтехтің осы және басқа бағыттарының дамуы финтех компанияларына қажетті капиталды және қаржылай реттеуді қамтамасыз ететін арнайы экожүйелердің құрылуы мен тиімді жұмысына тікелей байланысты болып отырғанын көруге болады.

Қазақстанда мұндай экожүйелер Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) салынуда. Олар мобильді және digital-банкинг, электрондық ақша және төлем қызметтерін реттеу бойынша жұмыс істейді. Мұның бәрі еліміздегі жаңа банк ойыншыларының пайда болуы үшін қажетті компоненттер болып табылады.

Бүгінгі таңда АХҚО-да іске қосылған экожүйелер құрамында (заңнамаға өзгерістер енгізусіз жаңа сервистерді тестілеуге мүмкіндік береді) 11 юрисдикциядан тұратын, сондай-ақ  төлемдер мен мобильді банкинг салалары бойынша 26 компания жұмыс істейді. Осы ретте АХҚО экономикалық нарықтың өзгеруіне ықпал ететін әрі дәстүрлі қаржы институттарын одан әрі дамыту мен күшейтуге итермелейтін жаңа цифрлық банктердің пайда болуына оң ықпалын тигізеді деп санаймыз.