Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстан алдағы жылдары 100 мың кәсіби ІТ-мамандарды даярлауды жоспарлап отыр

Алдағы уақытта бұл тәжірибені кеңейте беретін боламыз, мұндай мектептер ("әлем" типі бойынша) еліміздің өңірлерінде (облыс орталықтарында) ашылатын болады.

Қазақстан алдағы жылдары 100 мың кәсіби ІТ-мамандарды даярлауды жоспарлап отыр
Дереккөз: inbusiness.kz

Қазақстан елдегі цифрландыру саясатын одан ары дамытуды жалғастыратын болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлімдеген еді. Материалдың бүгінгі санын еліміздегі майнинг жүйесін дамыту, кәсіби біліктілігі жоғары ІТ-мамандарды даярлау және қашықтықтан зондтау саласына арнайтын боламыз.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда бүгінде жаңа ұлттық жоба әзірленген. Ол бойынша елдің ақпараттық жүйесіне аудит дайындалуда. Бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында Цифрлық трансформация орталығы құрылған. Онда халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік органдардың ағымдағы бизнес-үдерістері зерделенеді деп жоспарланып отыр. Бүгінде мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде процестерді жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық сервистердің біздің өмірімізге енуімен жеке деректердің таралып кету қаупі арта түсетінін атап өткен болатын.

"Біз дербес деректерді қорғауға қатысты заңнамалық бастамаларды пысықтадық. Осыған орай, сандық келісім мен кері байланыс принципін енгізбекпіз. Азаматтар жеке басын растаған кезде өздерінің жеке деректерінің пайдаланылуын, яғни, рұқсат етуді, бас тартуды бақылай алады. Мысалы, ХҚКО немесе мемлекеттік органға жүгінген кезде азаматтың телефонына арнайы код жіберіледі. Ол осы кодты жазғаннан кейін ғана ХҚКО немесе мемлекеттік орган қызметкерлері адамның жеке деректеріне қол жеткізе алады. Цифрлық келісім/кері қайтарып алу қағидатын енгізу азаматтар үшін таптырмас құрал болмақ, оның көмегімен олар өздерінің дербес деректеріне қатысты өз құқықтарын іске асыра алады, сондай-ақ дербес деректерді жинаудың заңдылығы мен ашықтығы қағидаттарын қамтамасыз ете алады", - деп түсіндірді министр.

Сонымен бірге Қазақстанда майнинг жүйесі қарқынды дамып келеді. Жалпы елімізде қазіргі таңда 17 майнинг фермасы бар екен. Бұл республикада әлемдік майнингтің 6%-ы, бұл шамамен айына 18-25 млн доллар бар дегенді білдіреді. Жалпы қуаты 2700 тұрақты орындық 12 дәстүрлі деректерді өңдеу орталығы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Орал қалаларында) құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, жалпы жүктемесі 300 мегаватт электр энергиясын құрайтын алты майнингтік деректерді өңдеу орталығы (Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Түркістан, Екібастұз қалаларында) салынуда.

Еліміздегі жерді қашықтықтан зондтау саласына келер болсақ, мұнда үш спутник және KazSat байланысының екі спутнигі экономика салаларын, оның ішінде, ауыл шаруашылығы, орман және су ресурстарын мониторингтеу, қорғаныс және қауіпсіздік, сондай-ақ байланыс және телехабар тарату желісі бойынша жедел-маңызды ақпаратпен қамтамасыз етуде. Бағдат Мусин атап өткендей, елде интернет мүлде жоқ немесе оның сапасы төмен 1300 ауыл бар екен. Оның сөзінше, жоғары сапалы байланысқа жаңа буын спутниктерінен келетін байланыс арқылы ғана қамтамасыз етуге болатын көрінеді. Жалпы, жоба бүгінде байланысы жоқ Қазақстанның ауылдық елдімекендері мен бизнес кәсіпорындарын кең жолақты интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ведомство басшысының сөзінше, мұндай спутниктер төмен сигнал кідірісі бар, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ете алады екен. Айтуынша бүгінде бүкіл әлем осындай спутниктерді сынауды белсенді түрде бастап кеткен екен.

"Қазір біз 100 мың кәсіби ІТ-мамандарын тәрбиелеу  мақсатын көздеп отырмыз. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Алдымен ІТ-университет, сосын әлемдік деңгейдегі бейресми білім беретін екі мектеп құрдық. Алдағы уақытта бұл тәжірибені кеңейте беретін боламыз, мұндай мектептер ("әлем" типі бойынша) еліміздің өңірлерінде (облыс орталықтарында) ашылатын болады. Қазіргі таңда осындай бес мектепті ашуды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы бес ЖОО-ның ІТ-факультеттері бизнес компанияларға, АКТ саласының көшбасшыларына қамқорлыққа берілетін болады", — деді министр.

Сондай-ақ, министрлік таратқан мәліметтерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде "информатика" пәні бойынша "виртуалды мұғалім" жобасына 25 орта мектеп қосылған. Бұл жоба мектептерде пән бойынша білікті оқытушылардың жетіспеушілігі проблемасын шешуге мүмкіндік бермек және оқушыларды IT-мамандыққа сапалы дайындауға жол ашады деп күтіліп отыр.

Сонымен бірге есептік кездесулерінің бірінде цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елорда маңындағы аудандарда интернет байланысының төмендігі мәселесіне тоқтап өткен болатын. Мәселен Нұр-Сұлтаннан небары 20 шақырым жерде орналасқан Қоянды ауылында күні-бүгінге дейін интернет сапасы сыр беретін көрінеді.

"Елімізде алғаш рет мобильді интернет сапасының ең төменгі шегі бекітілді (4G технологиясы үшін кемінде 5 Мбит/с және 3G технологиясы үшін кемінде 1 Мбит/с). Сонымен қатар, интернетті көп қолданатын уақытта, оның сапасын анықтау үшін, қала маңын аралайтын вице-министрді бекіттім. Бірінші кезекте бұл елорда маңы болады", - деді ҚР ЦДИАӨМ министрі.

Естеріңізде болса, бұған дейін байланыс операторларына интернеттің нашар сапасы үшін айыппұлдар көбейтілетіні хабарланған еді. Бұл ретте министр интернет сапасына қанағаттанбаған қазақстандықтарды министрлікке, аумақтық байланыс инспекцияларына немесе әкімдіктерге ресми түрде жүгінуге шақырды.

"Біз операторларды бағыттап қана қоймай, олармен сөйлесіп, ынталандыруымыз керек. Айыппұлдарды жазудың бақылау механизмі бар. Биыл мен мәжілісте айыппұлды 1 мың АЕК-ке дейін (2 917 000 теңге) көбейту туралы ұсынысымды білдірдім", - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ, министр өз сөзінде "Ashyq" қосымшасы жайлы да атап өтті. Бағдат Мусиннің айтуынша, қосымша бизнеске жұмыс істеуге, ал адамдарға шектеусіз қозғалуға мүмкіндік беру мақсатында әзірлен көрінеді.

"Пандемия әлі жойылған жоқ. Өкінішке орай, адамдар кезең-кезеңімен науқастанып жатыр. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша ковидпен ауыратын азаматтар карантинде болуы керек. Бірақ азаматтар әлі де осы індетке үстіртін қарауда. Ондай тұрғындар халық жаппай жиналатын жерлерге баруда. Осындай олқылықтарды  азайту үшін, "Ashyq" қосымшасы ұсынылды. Яғни егер сіз ауырып қалсаңыз, онда үйде отырып, басқаларға қауіп төндірмегеніңіз абзал. Біз барлығымыз бұрынғы өмір ырғағына оралғымыз келеді, сондықтан бір-бірімізді қолдайық", - деп түсіндірді министр.

Министр өз сөзінде стартапты жүзеге асыру үшін, не істеген жөн деген сауалға да жауап берді. ЦДИАӨМ басшысы Қазақстанда бұл бағытта ешқандай кедергілер жоқ екенін атап өтіп, отандық стартаперлердің табысты тарихының бірнеше мысалын келтірді: "Біз Kaspi Bank-тің табысты тарихын білеміз. Олардың IPO-сы қазір 15 миллиард долларға бағаланады. Екінші оқиға - жеке тұлғаның көлемінде кем емес. Astana Hub қатысушысы car parking симулятор-қосымшасын жасады. Қазіргі уақытта қосымша 50 миллион рет жүктелген. Сондықтан, тұратын еліне қарамастан, бәрі мүмкін. Бастысы соған деген талпыныс болса болғаны", - деді ведомство басшысы.