Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Педагог мәртебесі туралы заң»: мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар нені білуі керек?

Жаңа Заңды қабылдаудың негізгі себептері – мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік мәртебесінің төмендігі, білікті кадрлардың жоқтығы, шамадан тыс есеп беру және мұғалімдерді тікелей педагогикалық қызметке қатысы жоқ іс-шараларға тарту болып табылады.

 

«Педагог мәртебесі туралы заң»:  мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар нені білуі керек?
Дереккөз: liter.kz

Бүгінде қоғамда ұстаздар мен олардың құқықтары, мәртебесі, мұғалімдерге құрметпен қарау мәселесі жиі талқылатыны анық. Осы орайда елімізде ұлағатты ұстаздардың қоғам алдындағы беделін көтеру мақсатында, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған болатын. Материалдың бүгінгі санында осы тақырыпты кеңінен қаузап, аталған Заң жайлы нені білу қажеттігін зерттейтін боламыз.

Жалпы, қоғамда мұғалім деген кім, жаңа заң нені өзгертеді және мұғалімді кемсіту бойынша қандай шара қолдану қажеттігі туралы сұрақтарға толығымен жауап іздейтін боламыз.

2019-2020 оқу жылында елімізде жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдердің саны 347 мыңға жуық адамды құрады, олардың 81%-ы әйелдер болып табылады. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер жұмысындағы негізгі күрделі мәселенің бірі  жалақының төмендігі, қажетсіз есеп берудің көптігі, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналардың кемсітуі салдарынан қағазбастылық деп атады.

Мұғалім мамандығының абырой мен беделін арттыру үшін 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленді, оны жүзеге асыруға 5,3 трлн. теңге қажет болды. Осы орайда, біз күшіне енген білім беру саласындағы негізгі заңның бірі туралы не білуіміз керек екенін айтып өтетін боламыз.

Көкейімізде білім саласындағы заңды қашан және қалай әзірлей бастады деген сұрақтар туындайды. Атап айтқанда, «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау идеясы алғаш рет 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.  Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткен болатын.

Аталған Заң мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлерін ынталандыруды көздеуге, жүктемені азайтуға, күтпеген тексерулер мен артық міндеттемелерді болдырмауға тиіс болатын.

Бұдан әрі заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар пакеті ҚР бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 2018 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығы негізінде әзірленді. Жоба бойынша жұмыс істейтін Фокус-топ 22 адамнан тұрды, оның ішінде ҚР Парламентінің Мәжіліс пен Сенат депутаттары, министрлік өкілдері, мектеп  директорлар мен мұғалімдер.

Заңды әзірлеу мен қабылдау ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламалық платформасында көзделген болатын және оның мазмұнында негізгі өзгерістер болған жоқ. 2019 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды.

Бүгінгі таңда Заң 21 баптан тұрады, онда мұғалімнің негізгі міндеттері және оның материалдық көмекке құқықтары, оларды көтермелеу және әлеуметтік кепілдіктер туралы айтылады. Заңның негізгі баптары 2020 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді, алайда ол толығымен 2021-2022 оқу жылдарында іске қосылды.

Сонымен қатар, мұғалім деген кім және ол заң бойынша қандай мәртебеге ие болады деген сұрақтар туындайды. Заң қабылданғанға дейін лауазымдардың градациясы болды: педагогикалық қызметкерлер және педагогикалық қызметкерлерге теңестірілген лауазымдар.

Енді педагог бейіні бойынша педагогикалық немесе басқа да жоғары кәсіптік білімі бар және қосымша білім беру орталықтары мен әдістемелік сүйемелдеуді қоса алғанда, оқушылармен тікелей жұмыс істейтін адам болып табылады. Педагогикалық лауазымдар тізбесі 28 атауға дейін кеңейді, ал бұл бүкіл еліміз бойынша 100 мыңнан астам қызметкерді құрайды. Заңда педагогтің ерекше мәртебесі танылады және білім беру мекемесіндегі барлық жұмыс кезеңіне бекітіледі.

Педагог мәртебесі туралы заң не үшін қажет?

Заңды әзірлеу кезінде мұғалімдердің орташа жалақысы 2018 жылы 102 мың теңгені, ал жаңа бастаған педагогтың жалақысы - 50 мың теңгені құрады, ал 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі педагог қызметкерлердің жалақысын көтеруге шешім қабылдады және білім беру саласына мемлекеттік бюджеттен 109 млрд теңге бөлінді.

Жаңа Заңды қабылдаудың негізгі себептері – мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік мәртебесінің төмендігі, білікті кадрлардың жоқтығы, шамадан тыс есеп беру және мұғалімдерді тікелей педагогикалық қызметке қатысы жоқ іс-шараларға тарту болып табылады.

Мысалы, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдері ЭКСПО көрмесіне билеттер сатып алуға міндеттелгені анықталды және бұл іс-әрекет қалың бұқара арасында қызу талқыланды.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, түлектердің 10%-дан азы «Алтын белгі» белгісімен педагогикалық мамандықтарға оқуға түседі. Жоғары академиялық жетістіктері бар жастарды мамандыққа тарту мақсатында 2020 жылы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ҰБТ өту балы 70 балға дейін көтерілді. Бір жыл бұрын ол 60 балл, ал 2018 жылы 50 балды құрады, соның есебінен педагогикалық факультеттерге ортадан төмен нәтижелері бар талапкерлер оқуға түскен болатын.