Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Елімізде 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендету жоспарлануда

2021 жылы ұсынылған мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған шаралардың арқасында, республикадағы жұмыссыздық деңгейін 4,9% көлемінде сақтап қалып отыр.

Елімізде 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендету жоспарлануда
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі ел үкіметінің басты назарында екенін аңғару қиын емес. Себебі елде жылдар бойы республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 5%-дан асқан емес. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін, қандай жұмыстарды қолға алуда? Республикадағы жұмыссыздық көлемі бүгінде қанша пайызды құрап отыр. Осы және өзге де сұрақтардың жауабын аталған материалда тарқатып жазатын боламыз.

Жалпы ел үкіметі Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін үнемі бақылауда ұстап, тұрғындарды жұмыспен қамту жайын басты назарда ұстайды. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрағаны баршаға мәлім. Жұмыссыздық деңгейінің өсуі коронавирустық пандемиямен байланысты болғаны баршаға белгілі. ҚР Үкіметі жағдайды тұрақтандыру үшін жедел түрде бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын қабылдап, оны еліміз азаматтарының денсаулығын сақтау мақсатында шұғыл түрде жүзеге асырды.

Қазақстан Республикасы  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері еңбек нарығының негізгі индикаторлары 2020 жылы экономиканың айтарлықтай құлдырауына қарамастан, тұрақтылықты көрсетіп отырғанын хабарлайды.

Атап айтқанда, елімізде 2018 жылдан бастап жұмыс күші  43 мың адамға артқан. Сол сияқты жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталған. Еңбек нарығы дағдарысқа уақытша жұмыспен қамтылмаған халық санының 4,1 есе күрт өсуімен жауап бергенін атап өтті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 9,2 млн. жұмыс күшінің 8,7 млн. адамы жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге 449 мың адам жұмыссыз ретінде есепте тұрғаны белгілі болды. Әсіресе, еліміздегі Төтенше жағдай кезінде жұмыс істемеген адамдар жұмыссыз емес, сәйкесінше жұмыспен қамтылған халық құрамында уақытша жұмыспен қамтылмағанын атап өту қажет.

Бір жылда жұмыссыздар санының барынша артуы орта жастағы (35-44 жас) адамдар арасында 103,8 мың адамнан 109,4 мың адамға дейін, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы (55-64 жас) 49,5 мыңнан 54,9 мыңға дейін ұлғайған.

Сонымен қатар, 29-34 жас аралығындағы жұмыссыздар саны 4,2 мың адамға азайғаны белгілі болды.

Карантин кезеңінде жұмыспен қамтылған халықтың бір бөлігі кәсіпорынның жұмысын тоқтатуына байланысты немесе жұмыс берушінің бастамасы бойынша уақытша жұмыспен қамтылмаған санатқа ауысты. Олар жұмыссыз емес, жұмыспен қамтылған халықтың құрамында уақытша жұмыспен қамтылмаған болып саналды.

Экономиканың қалпына келуі аясында 2020 жылдың соңына қарай Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жалдамалы жұмыскерлердің саны жылдық мәнде 6,69 млн адамға дейін ұлғайды – 2019 жылмен салыстырғанда 5 мың адамға артық.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша жұмыссыздардың көпшілігі 29-44 жас аралығында және негізінен әлеуметтік себептерге байланысты әйелдер қауымы болып табылады (балалардың туылуы, әлеуметтік демалыстар және т.б.). Мамандар елімізде пандемия жағдайы орын алғанына қарамастан, мемлекеттегі жалпы экономиканың қалпына келуі байқалатындығын айтады.

Сол сияқты «Еңбек» бағдарламасы аясында былтыр Жұмыспен қамту шараларымен 649 мың адам қамтамасыз етілгенін атап өткен абзал.

Мысалы, бірінші бағыт – еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту бойынша 37,1 мың адам оқытылған. 105 мың адам «Бастау бизнес» бағыты шеңберінде мемлекет тарапынан қолдау тапқан, 210 мың адам халықтың ең осал топтары үшін субсидияланатын жұмыс орындарын алған, 3 мың адам еңбек ұтқырлығын ынталандыру мақсатында қоныс аударған, 319 мың адам тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдем алған - деп хабарлады вице-министр.

Бұдан бөлек өткен жылы Жұмыспен қамту жөніндегі (ЖҚЖК) жол картасының негізгі нәтижелері де көңіл қуантарлық деңгейде екенін атап өткен жөн. Тек былтырғы жылы ЖҚЖК аясында Қазақстанда 6,7 мың жоба іске асырылған. Нәтижесінде, 239 мың адам жұмысқа, оның ішінде 120 мың халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан.

Сонымен бірге, жұмысқа орналасқандардың орташа жалақысы тек былтырғы жылы 130 мың теңгені құрағаны анықталды. Қолда бар деректер бойынша, 2021 жылы мемлекеттік қолдау шараларымен дәл осылай 1,2 млн. адам қамтамасыз етілуде. Бұл ретте тек 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жұмыспен қамту шараларымен қамтылғанын атап өту қажет. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары 227 мың адамға көрсетіліп, 473 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады. ЖҚЖК аясында 32 мың адам, басқа мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында 440 мың адам жұмыспен қамтылған.

Сол сияқты биылғы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жұмыс орны ашылған. Мамандар 2021 жылы 8,7 млн. азаматтың   4,1-і жұмыс орындарында қалатынын атап өтті.

Сонымен бірге ел бойынша былтырдан бастап 2.5 млн.-ға жуық адам қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырылса, 2 млн.-ға жуығы уақытша жұмыспен қамтылмайды (қызмет көрсету, сауда, көлік саласы) және 165 мыңға жуық адам толық шектеу шараларын енгізу кезінде жұмысынан айрылғаны анықталды.

Осылайша ел үкіметі 2021 жылы ұсынылған мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған шаралардың арқасында, республикадағы жұмыссыздық деңгейін 4,9% көлемінде сақтап қалып отыр.

Ал жалпы Қазақстанда ұлттық даму жоспары аясында 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.