Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматыда Педиатрия орталығының емделушілері нәжіс иісінен тұншығып отыр

Кәріз жүйесіне жауапты мекеме мұның заңсыз екенін, оған қарсы ешқандай шара қолдана алмайтынын айтады.

Алматыда Педиатрия орталығының емделушілері нәжіс иісінен тұншығып отыр
фото: kalamendala.kz

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ауласын жағымсыз иіс жайлап алған. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, аурухана маңындағы кәріз жүйесіне ассенизаторлар нәжіс аралас шайынды суды төгіп кетеді екен, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Айналаға тарап, ауаны ластаған сасық иіс, әсіресе, емделушілерге зардабын тигізіп жатыр. Аурухананың әкімшілігіне жауаптылар қолқаны қапқан иістен әбден зәрезап болғандарын айтады. Ақысын төлеп, сыртқа қатынағысы келмеген коммуналдық қызметкерлердің жасап жүрген айла-тәсілі бұл. Қиындықтан қашқандар қалдық суды орталықтандырылған кәріз жүйесіне құйып кетуді құп көрген. Тіпті, үстінен түсіп, камераға түсіргендерге де пысқырмапты.

"Көбінде кешқұрым, адамдар аз, көрмейтін кезде құяды. Бір-екі рет күндіз де құйып кеткен жағдай болған. Олармен сөйлесуге тырыстық, бірақ, бойларын ала қашады. Онысы 15-20 минутта бүкіл ауруханаға жайылады. Өте жаман иістен көптеген балалар, бүкіл қызметкерлер зардап шегуде", - деп отыр Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының желдету және жылу жүйелерінің инженері Жансерік Раушан.

Бұл – қаланың әр ауданындағы өзекті мәселе. Дегенмен, кәріз жүйесіне жауапты мекеме мұның заңсыз екенін, оған қарсы ешқандай шара қолдана алмайтынын айтады. Қоршаған ортаға залал келтіргенімен қоймай, құдықтың бетін ашық қалдырады екен. Бұл жақын маңда тұратын адамдар мен өтетін көліктерге де қауіпті. Құбырға құлап, жазатайым жағдай болуы мүмкін.

"Экологиялық полицияға әр аудан бойынша хат жазамыз. Сол заңды бұзған адамның аты-жөнін, машинаның нөмірін – бәрін өткіземіз. Ал ол кісілерге қосымша айыппұл салу біздің мекеменің құзыретінде жоқ. Сол себепті, біз тек рейд кезінде суретке немесе видеоға түсіріп аламыз", - дейді "Алматы-Су" МКК Ақпарат және тұтынушылармен байланыс бөлімінің жетекшісі Ақбота Жылысова.

Қала бойынша шайынды суларды төгетін арнайы орын бар. Алайда, айласын асырғысы келгендерге ол тиімсіз болса керек. "Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендер" осы әрекеті үшін айыппұл арқалайды. Бірақ, айыппұл оларға "шыбын шаққан құрлы болмайтын" сияқты.