Прямая трансляция

Астана

Астана

7°C

Ресейдегі қазақ жастары ана тілін үйренуге келді

Оралда «Аltyn kópir» атты халықаралық фестивалі өткізілуде. Биыл үшінші мәрте ашылып отырған фестиваль көршілес елдегі қандастарымызға қазақ тілін меңгерту, ұлттық өнер, ойындарды таныстыруды көздейді.

Ресейдегі қазақ жастары ана тілін үйренуге келді
Фото: Томирис Сұлтан

Ұлттық бірегейлікті сақтауға, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайтуға бағытталған  шараларды ұйымдастыру арқылы Батыс Қазақстан облысына шекаралас орналасқан Ресей Федерациясы облыстарындағы қазақ жастарымен тығыз мәдени-әлеуметтік байланыс орнату, оларға ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мақсатында «Аltyn kópir» фестивалі 2019 жылы бастау алған болатын. БҚО тілдерді дамыту басқармасы  басшысының  міндетін атқарушы С.Ғаниева атап өткендей, алғашқы жылы 30 қандасымыз Орал топырағына келіп, бір апталық қазақ тілін үйрену курсына қатысты. Ал былтыр бұл фестиваль онлайн түрде  ұйымдастырылып, 80 жас сабақ алды. Биыл Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Қорған облыстарының жастары қатысуда. 2 қыркүйекте олар Оралға ат басын тіреп, «Атамекен» орталығына орналасты. Жалпы ана тілін меңгеруге ниет танытқан бұл белсенді жастар ағымдағы жылдың сәуірінен бері БҚО әкімдігінің қолдауымен онлайн түрде қазақ тілінен тегін сабақ алып келеді. Бұл фестивальге келу арқылы ұстаздарымен қауышып, көзбе-көз сабақ алуға мүмкіндік алып отыр.

Статистикалық мәліметтер бойынша Ресейдегі қазақтардың саны – 1 млн. шамасында. Олардың дені Орынбор мен  Астрахань облыстарында тұрады екен. Фестивальге Орынбор облысынан 6 делегат келген. Солардың бірі – Есет Жүсіпов.

  –  Қазақ тілінен әдістемелік нұсқаулықтар берді, практикалық сабақтар жақсы өтуде. Менің бала кезімнен қазақ тілін үйренуге  ниетім болған.  Бірақ, Орынборда  тіл үйренетін алаң жоқ, өйткені қазақ тілінде оқытатын мұғалім жоқ. Күнделікті тұрмыста да қазақ тілі қолданылмайды. Ал салт-дәстүрлер жақсы сақталған. Наурызды кең көлемде атап өтеміз, Құрбан айтты тойлаймыз. Осы фестиваль тарихи деректер туралы білімімізді кеңейтуге сеп болды деп айта аламын. Әрине, біздердегі сабақ бағдарламасында  «Қазақстан тарихы» бөлімі оқытылады. Бірақ, аз ғана. Жалпы түркі халықтарының тарихын көбірек білгім келеді. Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі қызықтырады. Әдебиеттер ұсынылса, оқитын едім. Ресейде қазақ ұлттық аспаптарының  үнін ести алмаймыз ғой. Осы фестивальде ұлттық аспаптардың  әуезді  үні ерекше  сезім сыйлады, – дейді  Жағалбайлы руының  ұрпағы  Есет Жүсіпов.

Фестиваль 3 -9 қыркүйек аралығын қамтиды. Жоспарлы бағдарлама бойынша әр күні қазақ тілінің сабақтары өткізілуде. Сонымен қатар «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі», «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында сұхбат алаңдары мен тренингтер өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар облыстағы  тарихи-мәдени нысандарға саяхат жасап, ұлттық музыкалық аспаптардың бірі домбыраны жасауды, ұлттық би билеуді үйренуде. Ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жасау бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылды. Бұл шараларға жергілікті лингвист ғалымдар, өлкетанушылар, қол өнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандар, тарих мамандары және жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшылары тартылып отыр.

Фестиваль  аяқталғанымен, қазақ тілін оқыту курстары жыл соңына дейін онлайн түрде жүргізіле бермек.

Томирис СҰЛТАН