Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Депутаттар зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынды

Себебі, соңғы кезде түрлі аурулардан қарттар қайтыс болуы жиілеген.

Депутаттар зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынды
Фото: holanews.kz

"Халық коммунистері" фракциясының депутаттары Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынды.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, COVID-19 вирусының ерекшелігі - жасы алпыстан асқан адамдарды алып кетіп жатуында. Адам алпыстан кейін қартайып, иммундық реакциясы төмендейтіндіктен, денсаулық жағдайы нашарлап, ауру-сырқауы көбейеді. Бұл жағдай вирус жұқтыру ықтималдығын арттырып, індет жұқтырған жағдайда алпыстан асқан кісі қайтыс болып та кетуі мүмкін", - деді Қазақстан коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы, ҚР Парламентіндегі аталмыш партия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Оның келтірген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2020 жылдың тамыз айынан бері 110 981 адам қайтыс болған. Олардың ішінде жасы алпыстан асқандардың саны – 78 637, яғни 71 пайызы. Күн суығандықтан, ел ішінде тұмау артып, COVID-19 вирусынан өлім-жітім ықтималдығы күшейе түседі.

"Қазақстан халқы - үлкенге құрмет көрсете білетін жұрт. Коммунистер COVID-19 вирусының екінші толқыны келетіні болжанып жатқан уақытта, әсіресе, егде жастағы кісілерді сақтауымыз керек деп есептейді. Олардың оқшаулануына жайлы жағдай жасалып, мәселелерін реттей білуіміз керек. Осыған байланысты "Халық коммунистері" фракциясы азаматтарымыздың зейнетке шығу жасын қайта қарауды ұсынады. 2013 жылы әйелдердің зейнет жасын ұзарту бойынша зейнетақылық реформаға қарсы шыққан едік. Республиканың түкпір-түкпіріндегі азаматтарымыздың үніне құлақ аса отырып, әйелдер мен ер адамдардың зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынамыз", - деді ол.