Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақ билігі тағы 4 ауылды жермен-жексен ететін болды

Енді Солтүстік Қазақстан облысынан 97 ауыл жойылуы тиіс деп болжанған.

Қазақ билігі тағы 4 ауылды жермен-жексен ететін болды
фото: baq.kz

Батыс Қазақстан облысында 4 елді мекен жойылады. Мұндай шешімді мәслихат депутаттары қабылдады, деп хабарлады paryz.kz.

Атап айтқанда, өңірдің Теректі ауданында орналасқан Сүттігенді, Жаңауыл, Тасаншеген, Қарабас ауылдары өңірлік мәслихаттың 30 қыркүйектегі шешімімен таратылатын болды. Кеңес өкіметі дүрілдетіп беріп, тәуелсіз ел билігі қаңыратып, қараң қалдырған бұл 4 ауылда былтырғы халық санағы бойынша, 50-ден 100-ге дейінгі адам ғана болыпты.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында «экономикалық тұрғыдан болашағы жоқ» деп танылған 8 ауыл жойылған еді. Сондай-ақ, Қостанай облысының тұрғындары да 50-ден аз адам тұрған 5 ауылдың орнын сипап қалды. Енді Солтүстік Қазақстан облысынан 97 ауыл жойылуы тиіс деп болжанған.

Барлық өңірдің несібесін тонналап жұтқан жемқор биліктің жергілікті әкім-қаралары сол шағын елді мекендерді жою туралы шешімді оларда қажетті инфрақұрылымның жоқтығымен түсіндіргісі келеді. Сондықтан ол ауылдарды дамыту экономикалық тұрғыдан тиімсіз екен-міс. «Жаны ашымастың басы ауырмас» дегендей әдет қой олардікі. Моноқалаларды жойып жіберуге шақ қалған өңешке ауыл-аймақ, бота-тайлақ дегендерің жұғын ба екен, тәйірі...