Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Астанада жыл басынан бері көлік апатынан 22 адам көз жұмған

Полиция ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге ескерту жасады.

Астанада жыл басынан бері көлік апатынан 22 адам көз жұмған
Фото: www.nur.kz

Елорда полициясы ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге жолдардағы қауіптің артқанын ескертті, деп хабарлады paryz.kz.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Ержан Сәденовтің атап өтуінше, жаңбырдың алғашқы тамшылары жүргізушілер үшін барынша қауіпті саналады. Себебі, жол жабындысы шаң-тозаң, оның үстіне үстіне күзгі уақытта жапырақтар түсіп жатыр. Дәл осы жайт көлік құралының тоқтау жолының ұзаруына себеп болады. Сондықтан күрт маневр жасап, тежегішті басып қалудан сақ болған жөн. Жаңбыр көріністі те төмендететіндіктен, көлікті барынша абайлап жүргізу керек.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда елорда аумағында жол оқиғаларының саны 67 пайызға төмендеді. Дегенмен, көптеген жүргізуші жол жүрісі ережесін сақтай бермейді.

«Жыл басынан Әкімшілік полиция басқармасы жол-көлік оқиғаларына сараптама жүргізді. Егер 2019 жылы 421 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2020 жылдың басынан бері 285 оқиға орын алған. Жыл басынан бері жол апаты салдарынан 22 адам қаза тауып, 320 адам жарақаттанды. Айталық, 5 қазан күні сағат 17-34-те «Mercedes-Benz G55» көлігін басқарған жүргізуші 69-шы көше бойымен Алаш тасы жолы жақтан Пушкин көшесіне қарай келе жатып жылдамдық режимін және қашықтықты сақтамай «Mercedes-benz E 300» көлігін соққан. Соққы салдарынан «Mercedes-benz E 300» көлігі ұшып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан «Hyundai Accent» көлігімен қақтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көліктердің бірінің жолаушысы жарақат алып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін ол үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», - деді ведомстводан.

Осыған орай, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жүргізушілерді көлікпен жолда жүргенде барынша сақ әрі ұқыпты болуға, жылдамдық режимін мүлтіксіз сақтауға, қауіпсіз арақашықтық ұстанып, маневр жасау ережесін сақтауға шақырады.