Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Мектеп директоры жұмысынан кетсін!": Түркістан облысында Білім күні тұрғындар дүрлікті

Шпаргалка қолдандың деп, үздік оқитын қызға көптің көзінше жекіген. Осыдан кейін оқушы "үміттеріңізді ақтамадым, кешіріңіздер" деген қысқа хат жазып, өзіне қол жұмсаған.

"Мектеп директоры жұмысынан кетсін!": Түркістан облысында Білім күні тұрғындар дүрлікті
фото: aigak.kz

Түркістан облысында ауыл тұрғындары мектеп директоры жұмыстан кетсін деп шу шығарды деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Көкарал ауылында үш айдан бері береке кеткен. Маусым айында оқушылар емтихан тапсырып жатқанда, мектеп директоры 9-сыныпта оқитын Эльвира Мықтыбекке қатты шүйлігіпті. Шпаргалка қолдандың деп, үздік оқитын қызға көптің көзінше жекіген. Осыдан кейін оқушы "үміттеріңізді ақтамадым, кешіріңіздер" деген қысқа хат жазып, өзіне қол жұмсаған. Сондықтан өрімдей қызды өлімге итермелеген басшы орнын босатсын деп отыр жиналғандар.

Ал директорға қатысты қозғалған іс сағызша созылып кетті дейді марқұмның әкесі.

Тергеу бөлімінің, облыстық департаменттің жұмысына қанағаттанбаймын. 3 айға созылып кетті. 2 айда бітіреміз деп уәде берген. Бір-бірімен байланысы бар деп күдіктенемін. Сыбайлас. ІІД, облыстық, аудандық білім бөлімінің бір-бірімен байланысы бар, - дейді марқұмның әкесі Ақылбек Тәліпбаев.

Қыздың өлімінен соң ауыл тұрғындарының көбі мектеп директорына қарсы шыққан. Сондықтан Айсара Стаева орнын босатпаса балаларымызды мектепке жібермейміз деп отыр. 

Ол директор болса, оқымаса оқымай кетсін, баламды мектепке жібермеймін. Ондай басшыдан қандай тәлім-тәрбие алады?, - дейді Көкарал ауылының тұрғыны Жұлдызай Сұлтанова.

Ал Білім күнінде директордың өзі орнында болмай шықты. Есесіне жиналған ата-аналар алдында ақталуға Айсара Стаеваның қайынатасы келіпті. Ол келінінің бұл мектепке директор болғысы келмейтінін айтты. Өйткені ауыл тұрғындары бұған дейінгі басшыларды да сыйғызбаған деген ақсақал, келінім басқа жұмыс іздеп жатыр дейді. 

Бұған дейін де неше директор келді, бәрі арызбен кетіп жатыр. Біреуі ықтиярымен кеткен жоқ. 14 жыл директор болды. Бұл жерге қариялардың, аудандық білім бөлімінің өтінішімен келген. Өзім де келмеймін дейді, - деп түсіндірді Боранбай Әділбеков.

Директор келмегенімен, жиналған жұртқа аудандық білім бөлімінің басшылары дереу жетті. Айтуынша, директорды өздері де таппай жатыр екен. Ал сыртынан шығарып жіберу заңға томпақ боп тұр деген бөлім басшысы, тергеу органдарының шешімін күтеміз дейді.

Құзырлы мекемелердің тексеріс нәтижесін күтіп отырмыз. Егер қорытындысы қолыма тимесе, ол мектеп директорына жұмыстан кет деп дәлелсіз айта алмаймын. Өйткені заң бәрімізге бірдей. Ал директордан жұмыстан өз еркімен кетуді сұрадым, - дейді Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.

Демек директор бұл мектепке енді басшы болмайды. Бірақ ауыл тұрғындары Айсара Стаеваны білім саласынан мүлдем аластатуды талап етуде.