Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Өте аянышты жағдай": Алматыдағы 90 жылдық тарихы бар академия жабылатын болды

Министрлік жыл бойы академияда тексеріс жүргізіп, талай заңбұзушылықты анықтаған. Оқытушылар құрамы аз, өндірістік тәжірибе базасы жөнді жоқ, ғылыми әдебиеттермен қамтылмаған...

"Өте аянышты жағдай": Алматыдағы 90 жылдық тарихы бар академия жабылатын болды
фото: azattyq-ruhy.kz

Алматыдағы Мұхаметжан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы ақыры лицензиясынан айырылып тынды. Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдаған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Өйткені, бірнеше тексеру жүргізіліп, олқылықтар анықталғанымен, оны түзеуге ешкім асықпапты. Академия басшылығы болған жайға баға беруге әлі де асықпайды. Соңғы жаңалықты естіп, жанұшыра жеткен студенттер мен ата-аналар да бүгін жөнді жауап ала алмай қайтты. Енді 5 мың студенттің оқуы не болады? Жүздеген қызметкері қайда барады?

Көлік және коммуникациялар академиясының 90 жылдық тарихы бар. Оған 2000 жылы қазақтан шыққан алғашқы қатынас жолдары инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың есімі берілді. Алайда, ғасыр жасаған білім ордасының басына қара бұлт үйіріліп тұр.

"Мынау – өте аянышты жағдай. Халыққа шығып айту керек. Бұл жерде ұрпақтың өміріне осылай балта шабатын, кез келген ақшаның құлы болған азаматтар болса, бетпе-бет келіп, заң алдында да, халық алдында да жауап берсін", - дейді студенттің анасы Бәдигүл Қажыбек.

Ал министрлік жыл бойы академияда тексеріс жүргізіп, талай заңбұзушылықты анықтаған. Оқытушылар құрамы аз, өндірістік тәжірибе базасы жөнді жоқ, ғылыми әдебиеттермен қамтылмаған. Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сай келмеген. Алайда, академия жабылғанмен, оның кесірі студенттер мен оқытушыларға тимейтініне министрлік кепілдік береді.

"Студенттерді, оқытушыларды уайымдамауға шақырамын. Себебі, заңды түрде студенттердің құқығы сақталады. Ең бастысы, заңнамаға сәйкес, академия жабылған соң, заңды түрде басқа жоғары оқу орындарына ауыстыралады", - деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Министрлік пәрменіне әзір академияның келіскісі жоқ. Батқан қайықты қайта тартып шығаруға тыраштанып жатыр.

"Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көш бастап тұрғанымыз дәлел. Жақын күндері барлық сұраққа толық жауап береміз", - деді проректор Андрей Иванов.

Енді олар "толық жауап береміз" дегенше, министрлік шешімі 10 күнде күшіне еніп, академия білім беруді тоқтатады. Артынша, студенттер мен оқытушылар семестр біткенін күтпей, бірден басқа университетке ауыстырылады. Министрліктің жоспары осындай.