Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Орал қаласында бірнеше аялдаманың атауын ауыстыру ұсынылды

Жалпы Орал қаласы бойынша 360 аялдама бар.

Орал қаласында бірнеше аялдаманың атауын ауыстыру ұсынылды
Фото: Томирис Сұлтан

Осыдан екі ай бұрын қала басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев комиссия құру арқылы шаһардағы аялдама атауларына сараптама жасау, мағынасыз атауларды өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Бұған себеп болған басты негіздердің бірі қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларының аялдамаларды дұрыс атамауы немесе бірнеше жыл бұрын өзгертілген көше атауларын әлі де аялдамаларға қатысты қолдануы себеп болған еді. Сондай-ақ қоғам белсенділері мағынасыз немесе маңызы жойылған атаулар әлі  қолданылып жүргенін айтқан болатын.

Белгіленген уақытта қайта бас қосқан қала әкімдігінің өкілдері мен қоғам белсенділері жаңа атауларды қоғамдық көлік аялдамаларын реттеу мәселесіне  зер салды. Жиын барысында қаладағы аялдамалардың атаулары қаралып, кейбір мән-мағынасыз атаулардың балама атаулары ұсынылды. Мәселен, «Баспахана» аялдамасын – «Абай алаңы», «62-үй» аялдамасын – «Қадыр орталығы» атауына ауыстыру  қарастырылды. «Водник» аялдамасын сол маңда қазақтың қос батыры Исатай-Махамбет ескерткішінің  орнатылуына орай «Исатай-Махамбет» деп атау ұсынылып отыр.

Ал «Жигули» аялдамасы – «Астана», «Евразия институты» аялдамасы – «Мәметова музейі» атауына өзгермек.  «Қазақстан» аялдамасы – «Қонаев сквері», «Пансионат» аялдамасы – «Атамекен» болмақ. «Вышка» аялдамасын – Асан мешіті, байырғы тігін фабрикасының атауындағы «Диана» аялдамасын – жаңадан ашылған «Әлем Плаза» сауда үйі атымен ауыстыру қаралды. Сол маңдағы «Евразия» аялдамасы енді «облыстық мешіт», «Ковыльная көшесі» – «Ілияс Есенберлин», «Северо-Восток шағынауданы» аялдамасы – «Асан Тайманов атындағы №34 мектеп», «Петровский» аялдамасы – осы көшенің атауымен сәйкестендіріліп, «Герольд Бельгер» аялдамасы атауына ауыстырылмақ.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, ұсыныс тағы бір шолуды қажет етеді.

Томирис СҰЛТАН