Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Оралда ғимарат қасбеттерінің талапқа сай болуы тексерілуде

Орал қаласында бизнес нысандарының қасбеттік келбетін талапқа сәйкестендіруге байланысты жұмыстар жалғасуда.

Оралда ғимарат қасбеттерінің талапқа сай болуы тексерілуде

19 тамыз күні қалалық сәулет, қалақұрылысы бөлімінің мамандары Н.Назарбаев, Абай даңғылы және басқа да көшелер бойындағы бірнеше нысанда болып, маңдайшаларды, жарнамаларды орналастыруға қатысты талаптарды түсіндіріп, ұсыным түрінде ескерту парақтарын берді. Сәйкесінше, олар белгіленген 10 күн ішінде қасбеттің келбетін реттеп, жарнамалық үлгіні жергілікті уәкілетті органның келісімін алған соң орналастыруы қажет. Егер ескертулер ескерілмесе, тексеру ашылып, тиісті түрде шара қолданылады, яғни айыппұл салынбақ.

Мекенжайлық рейд кезінде жарнамалардың мәтініне де назар аударылды. Мамандар атап өткендей, жарнама мәтіні қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс, әрі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісілуі керек.   

Ең бастысы меншік иесі ғимараттың қасбетін тиісті деңгейде ұстауға жауапты. Егер ақаулары болса, дер кезінде қалпына келтіруі, оның ішінде түнгі мезгілде жарықтандырылуын ескеруі тиіс.   

  – Абаттандыру ережесіне сәйкес, меншік иесі нысанға тиесілі аумақтың  тазалығын, ғимараттың қасбетінің тиісті дейгейде болуын қамтамасыз етуі керек. Өткен жылы Назарбаев даңғылының дизайн-коды бекітілді. Соған сәйкес маңдайшалар, ақпараттық, жарнамалық құрылымдар қалалық сәулет, қала құрылысы бөлімімен келісілуі тиіс. Ескерерлік мәселе – Назарбаев даңғылының бойындағы нысандардың көпшілігі архитектуралық мұра саналады. Сондықтан айрықша көзқарас болуы керек, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы  Ботагөз Түстікбай.

Қаламызда дизайн-кодты енгізуді Н.Назарбаев даңғылынан бастау тегін емес. Өйткені даңғыл тарихи орталық мәртебесіне ие. Даңғыл бойында 161 мәдени-тұрмыстық қызмет нысаны бар. Олардың 38-і – архитектуралық ескерткіш саналады.  

Бөлім тарапынан айына екі-үш мәрте тексерулер жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 50 нысанға байланысты ескерту парағы берілген. Оның ішінде ескертуді орындамағаны үшін 30 пайызына тиісті шара қолданылған.  

Сондай-ақ бөлім басшысының міндетін атқарушы дизайн-код бойынша 15 нысан маңдайшалар мен жарнамаларды орналастыруға қатысты келісім алғанын мәлім етті, тағы 5-6 нысанға қатысты жоба қарастырылуда. 

Томирис СҰЛТАН