Орал қаласында 2021 жылға арналған жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары бекітілген жоспарға сай жүруде.
Іс-шара жоспарына сәйкес, 4 қиылысқа бағдаршам орнатылды. Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Алаш пен Еуразия көшелерінің қиылысында, Деркөл кентінде Айналма жол- Набережная көшесінің қиылысына бағдаршамдар қойылды. Сондай-ақ Жамбыл көшесі мен Ружейников көшесі қиылысына қойылған бағдаршам іске қосылуда. Жақын күндері Белинский көшесі мен айналма жол қиылысына бағдаршам нысаны орнатылады.
Орал қаласында 460 жаяу жүргінші өтпесі бар. Оның 29-ы бағдаршаммен реттеледі. 139 жерге жасанды кедергілер қойылған, оның 20-сы биыл орнатылды.
Шаһарда 10 мыңнан астам жол белгісі бар. Биыл соның 55-і қалпына келтіріліп, 18-і ауыстырылды және 228 дана жаңа жол белгісі орнатылған.
Томирис СҰЛТАН