Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Майғазиев екі күн бұрын тіркелген фирмаға 60 млн теңгенің тендерін берген

Мемсатып алу порталында компания мекен-жайы ретінде астанадағы Бауыржан Момошұлы көшесі көрсетілген. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ЦиMediaGroup Шымкент қаласының әл-Фараби ауданында тіркелген.

Майғазиев екі күн бұрын тіркелген фирмаға 60 млн теңгенің тендерін берген
фото: ашық дереккөз

Шымкент қалалық мәдениет үйі Шәмші Қалдаяқов әндірінің концертін өткізу үшін ЦиMediaGroup компаниясымен 60 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Ал ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, бұл компания Шымкенттегі мәдениет үйімен келісімшарт жасасардан екі күн бұрын ғана мемлекеттік тіркеуден өткен деп жазады qazaqtimes.com.

Мәдениет үйі бюджеті 60 млн теңге болатын іс-шараны ұйымдастыруды не себепті жаңадан құрылған тәжірибесіз компанияға тапсырды?

Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке қарағанда, ЦиMediaGroup 14 шілде күні құрылған. Компания (құжат бойынша) Исмагулова Назия Нурлановна деген азаматқа тиесілі. Мемсатып алу порталында компания мекен-жайы ретінде астанадағы Бауыржан Момошұлы көшесі көрсетілген. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ЦиMediaGroup Шымкент қаласының әл-Фараби ауданында тіркелген.

Компания құрылған соң 3 күннен кейін мемсатып алу порталына тіркеліп, Шымкент қалалық мәдениет үйімен Шәмші әндерінің концертін өткізу бойынша келісімшартқа отырған. 16 шілдеде басталған келісімшарт процесі тамыздың 2-сінде аяқталып, ЦиMediaGroup компаниясы ресми түрде осы сатып алу бойынша тапсырыс орындаушы компания атанған.

Келісімшартқа сәйкес, Шәмші әндерінің концерті композитордың туған күніне орай, яғни 15 тамызға жоспарланған. Бірақ концерт ол күні өткен жоқ, келісімшарт та порталда сол күйі тұр. Осыған байланысты Шымкент қалалық мәдениет үйіне хабарласып көрдік. Біздің сұрақтарымызға мәдениет үйінің директоры Сәкен Майғазиев емес, оның орынбасары Ғани Аманқұлов жауап берді.

 

Концертті 15 тамызда өткізуді жоспарлағанбыз. Кейін бізде карантин жағдайына байланысты іс-шара өтпейтін болды. Біз енді бұл келісімшартты бұзғалы жатырмыз, - деді Аманқұлов.

 

Негізі бұл тендер бойынша бір көзден сатып алу тәсілі қолданылған. Яғни тапсырыс беруші мекеме тапсырыс орындаушы компанияны ешқандай конкурссыз таңдап алған. Журналист Майғазиевтің орынбасарынан концерт өткізуге не себепті құрылғанына екі-ақ күн болған тәжірибесіз компания таңдалғанын сұрады. Аманқұлов тілшінің бұл сұрағына жауап бере алмады. Оның айтуына қарағанда, мәдениет үйінің директоры Сәкен Майғазиев бірер күн бұрын қызметінен кеткен. Ал концертті өткізуге не себепті ЦиMediaGroup компаниясы таңдалғанын Майғазиев біледі екен. Аманқұлов Майғазиевке хабарласып, мәселені анықтауға тырысатынын, содан кейін тілшіге бір хабарын беретінін айтты. Бірақ осы мақала жарияланғанша Шымкент қалалық мәдениет үйінен ешқандай хабар болған жоқ.

Бұған дейін Шымкенттегі Наурыз тойына арналған іс-шаралардың бюджетіне байланысты қоғамда шу туған. Журналистер мен белсенділер Сәкен Майғазиев басқарған қалалық мәдениет үйінің наурызға орай түрлі компаниялармен құны 595 млн теңге болатын жеті келісімшарт жасасқанын жазған. Журналистер зерттеуінде Наурызға орай жасалған келісімшарттарда техникалық ерекшелік дұрыс толтырылмағаны айтылды. Бұған қоса, осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға қаржының тым бөлінуіне және тендерді тәжірибесі жоқ компаниялардың ұтқанына баса назар аударды.

Осы мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанда Сәкен Майғазиев те, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да журналистер келтірген деректі жоққа шығарды. Олар "Наурызға тек 213 млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын" уәж етті. Биыл маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте The Qazaq Times тілшісінің сұрағына жауап берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те 595 млн теңге тек Наурыз тойлауға емес, жыл бойы өтетін іс-шараларға да арналғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы 595 млн теңгеге жасалған келісімшарттың бәрінде "Наурыз мерекесіне орай" деп жазылып тұруына "мекеме қызметкерінің қателігі себеп" болған.

Шымкеттік шенеуніктердің "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегені мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы. Өйткені Мәдениет үйінің жыл басталғалы мерекелік іс-шаралар үшін жасасқан келісімшарттарының жалпы құны қазірдің өзінде 680 млн теңгеден асып кетті. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сүйенсек, Шымкент әкімдігі мерекелік іс-шараларға 2021 жылы 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.