Орал қаласында үш жылға арналған «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 51 ауланы абаттындыру үшін жергілікті қазынадан 2 млрд. теңге бөлінген.
«Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы 2021-2023 жылдары жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысуға ниеттенген көпқабатты үй тұрғындары әкімдік сайтына өтініш қалдырады. Әрі абаттандыру жұмыстарына байланысты ұсыныстарын бере алады. Ауланы абаттандыру жобасын жасақтауда сол тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескеріледі. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, өткен жылдың қазанынан бастап ақпараттық хабарламалар жарияланып, тұрғындардың өтініштері жиналған. Жалпы 120-дай аула бойынша өтініш түсіпті.
Өткен жылы облыс әкімі шаһар бойынша кемінде 50 ауланы абаттандыру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда бағдарлама аясында тұрғындардың өтініштерін жинадық, олар ауладан не көргісі келетіндерін көрсетті. Тізімге сәйкес алғашқы тіркелген 50 шақты аула бойынша смета дайындалды. Мердігерлер анықталып, жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта жоспарланған 51 аула аумағының 12-сі бойынша жұмыстар аяқталып, тапсырылды. Бес ауладағы жұмыстар тамыз айында аяқталады. Абаттандыру жұмыстарында аулаға кіреберіс жолдардың асфальтталуына ерекше басымдық берілді. Өйткені тұрғындар тарапынан кіру-шығу жолдарына қатысты уәж көп түседі. Сондай-ақ бұған дейін әр аулада бөлек-бөлек мердігер мекеме жұмыстар жүргізген болса, биылғы жылы барлық ауладағы бірдей жұмыс бойынша бір мердігерден сұраныс болуы қаперге алынды. Осы орайда жаңарту жұмыстары көзделген барлық аулалардағы жол төсемін төсеуді бір ғана мердігер жүргізеді. Барлық ауладағы спорт және ойын алаңдарын орнатуды – бір мердігер атқарады. Осылайша, жалпы 4 мердігер аулаларды абаттандырумен айналысуда, – деді Мирас Рүстемұлы.
Абаттандыру жұмыстары басталған аулалардың бірі – М.Мәметова көшесі, 60 мекенжайы. Қазір мұнда «Түркістан жол сервис» ЖШС асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуде. Мердігер компания директоры Жамшит Махаметовтың айтуынша, жиектастар ауыстырылып, аялдама тұрақтары кеңейтіледі.
Үш жылға арналған бағдарлама болғандықтан, алдағы уақытта аулаларды абаттандырға қатысты өтінімдер жиналатын болады. Қала басшысының орынбасары Мирас Рүстемұлы енді тұрғын үйді басқаруда серіктестік құрған аулалар бірінші кезекте абаттандырылатынын атап өтті.
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заңына сәйкес, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшуіміз қажет. Бұл – жай серіктестік және сол пәтерді басқару органы болып табылады. Сәйкесінше, ауланы абаттандыружәне тұрғын үйдің жаңғыртуда да серіктестікті құрған тұрғын үйлерге басымдық беретін боламыз, – деді Мирас Мүлкәй.
Абаттандырылған аулалар бойныша мердігерлердің кепілдік мерзімі үш жылға дейін. Дегенмен, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген ауланың тұрғындарынан да жауапкершілік қажет. Осы ретте қала әкімдігі, мердігер компания және тұрғындар тарапынан қол қойылған үшжақты меморандум жасалады.
Орал қаласында аулаларды абаттандыру 2007-2008 жылдару бастау алған болатын. Жалпы көпқабатты үйлер бойынша 500-ге жуық аула болса, олардың 350 абаттандырудан өткен. Алайда, осыдан 10 жыл немесе одан да көп уақыт бұрын жаңартылған аулаларға қайтадан жөндеу жүргізу қажеттілігі туындап тұр. Келер жылға 19 ауланың абаттандыру жұмыстары бойныша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған.
Томирис СҰЛТАН