Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Құс тұмауы адамға жұғуы мүмкін бе?

Құс шаруашылығындағы қызметкерлердің де денсаулығы бақылауға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құс тұмауы адамға жұғуы мүмкін бе?
24.kz

Құс тұмауының салдарынан карантинге жабылған шаруашылықтардың қайта жандануы үшін екі айдай уақыт қажет. Осы аралықта кәсіпорын тиісті зарарсыздандыру жұмысын жүргізіп, құстарды жіті қадағалауы тиіс.

Тамыздың соңында Ресейде анықталған ауру араға екі апта салып елімізге жетті. Алдымен үй құстарының қырылып жатқаны туралы хабар Омбыдан келген еді. Ізінше Қорған, Түмен, Челябі облыстарында құс тұмауының деректері анықталды. Көп ұзамай қазақстандық шаруашылықтар да дабыл қаға бастады. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарына құс тұмауы тарады.

«Үй құсының дала құстарымен бір ортаға түспейтіндей ету керек. Құс тұмауының алғашқы деректері алдымен жеке үй шаруашылықтарында тіркелді. Неге олай? Өйткені жеке шаруашылықтағы үйрек, қаздар даладағы су қоймаларын жағалай жайылып жүреді. Сол жерде жыл құстары тұрақтап, ауруды таратқан. Сондықтан үй құстарын дала құстарынан аулақ ұстасақ, вирустың таралуын алдын алуға болады. Қазіргі таңда мониторинг жүргізіліп жатыр. Айналадағы құстардан, оның ішінде көгершіндер мен тіпті кеміргіштердің бәрінен қан сынамасын алып, зерттеледі. Кейде шаруашылықтағы инфекцияны толық зарарсыздандыру үшін бір-екі ай көлемінде уақыт керек», - деп айтады Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері ассоциациясының президенті  Максим Божко.

Осылайша, жыл құстары алып келген вирус елдегі бірқатар құс шаруашылығын карантинге жапқызды. Қырылған құстың орнын толтырып, кәсіпті қалпына келтіру үшін бірталай уақыт кетеді екен.

Айта кетерлігі, адамның құс тұмауын жұқтыруы екіталай. Жылдар бойы бұл вирустың биологиясын зерттеп, ғылыми жұмысын қорғаған вирусолог ғалым Қайсар Табылды осылай дейді. Айтуынша, құс тұмауын тудыратын инфекцияның адам өкпесіндегі рецепторларға жабысу қасиеті жоқ. Сондықтан вирус адам денсаулығына қауіп төндірмейді.

«Адам қай уақытта жұқтыра алады бұл ауруды? Егер бір бөлмеде ауру құспен ұзақ уақыт контактіде болса. Яғни, бұл вирус тыныс алу жүйесіне өкпенің төменгі бөліктеріне барған кезде жұғады. Сондай кезде ауру жұқтыру жағдайы туындайды», - деп хабарлайды вирусолог Қайсар Табылды.

Демек, құс еті мен жұмыртқасын жеген кезде ауру жұқпайды. Оны Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева да растады. Дегенмен, құс өнімін қайнатып, тиісті термоөңдеуден өткізуге кеңес береді. Сондай-ақ құс еті мен жұмыртқасын бей-берекет саудалайтын жерден алмауды сұрайды.

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, жикі жұмыртқаны жеуге болмайды. Оның пісіріп барып, жеген жөн. Сондай-ақ үйрек, қаз сияқты жабайы құстардың жұмыртқасынан бас тартқан абзал.

Жабайы құс демекші, ауыл шаруашылығына жауапты ведомство экология және геология министрлігіне маусымдық құс атуға тыйым салу жөнінде ұсыныс жасаған еді. Алайда, Экология министрлігі заңға сәйкес ондай шектеу қоя алмайтын болып шықты. Өйткені құжатта эпидемиялогиялық жағдайға байланысты маусымдық құс атуды тоқтату жөнінде айтылмаған. Ол үшін Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктері өзара келісім жасауы тиіс. Түйін – ведомстволар өзара мәселенің шешімін тапқанша, жабайы құсты аулауды биыл доғара тұрған абзал. Өз денсаулығыңыз үшін.