Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Оралдық студенттер құрылыста еңбек етуде

Орал қаласында құрылыс қарқынды. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынуда. Осы жұмыстардың басы-қасында кәсіби құрылысшылармен қатар студент-жастар да еңбек етіп жүр.

Оралдық студенттер құрылыста еңбек етуде

Бүгінде «Жасыл ел» студенттік құрылыс жасақтары қатарына облыс бойынша 500 сарбаз алынған болса, 250-і Орал қаласындағы өндірістік-құрылыс компанияларына жұмысқа орналасқан. Мәселен, «СКФ Отделстрой» ЖШС-де  жасылелдік 30 өрен жұмысқа кірісіп, әр түрлі бағыттағы құрылыс істерін атқаруда. «Болашақ» ЖШС 30 сарбазды, «Айтемір» ЖШС 30 сарбазды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанынан құрылған студенттік жасақтарда 78 адам еңбек етуде. Жастар тас төсеніштерді шығару, оларды төсеу жұмыстарымен қоса оқу ғимаратына жөндеу жұмысын жүргізуде. Құрылыс жасағындағы сарбаздардың бірі – Ерасыл Байзақов. Жәңгір хан университетінің Индустриалды-технологиялық институтында оқитын  студент құрылыста еңбек ету болашақ мамандығына тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берерін айтады.

–  Болашақ мамандығым – құрылыс инженері. Биыл бірінші рет «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеудемін. Негізінен университеттегі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқандықтан, бұл маған мамандығым бойынша тәжірибе жинақтауға да үлкен көмек.  Сонымен қатар жазғы демалыстағы уақытымды тиімді пайдаланып, табыс тауып жүрмін. Жалпы «Жасыл ел» бағдарламасы – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Келесі жылы да осы бағдарлама бойынша жұмыс істеу ойымда бар, – дейді сарбаз.

«Жасыл ел» өңірлік штабының жетекшісі Аслан Тапишевтың айтуынша, сарбаздарға жалақыны жұмысқа тартқан компаниялар төлейді және штабтан 35 394 теңге төлеу қарастырылған.

 – Студенттік құрылыс жасақтары қатарында еңбек етуге  ниеттілер көп. Сонымен қатар құрылыс компаниялары де жастарды өздеріне ерте  жастан тәрбиелеп  алуды мақсат тұтады,  – дейді Аслан Нұрланұлы.

Томирис СҰЛТАН