«Бұлқыныс» деп аталатын жаңа кітап Қадыр Мырза әли орталығында таныстырылды. Кітаптың авторы – Қайыржан Таубаев.
«Бұлқыныстың» тұсауын қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров кеcті. Шаһар басшысының орынбасары Ерлан Ерсайынұлы мүмкіндігі шектеулілердің шексіз мүмкіндіктерін насихаттайтын кітаптың оқырманына берері мол екеніне сенім білдірді.
– Қала әкімдігінің негізгі мақсаты – қоғамдағы әр азамат үшін тең қоғам құру, кез келген қолжетімділікті қамтамасыз ету. Осы орайда Қайыржан Бақытұлы үлес қосып, зор еңбек етіп келеді. Өзінің бастамасымен құрылған «Руханият» еріктілерімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстанатын ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Осындай жандардың жанында жүріп, олар туралы еңбек шығарғаны айрықша бағалауға тұрарлық. «Бұлқыныс» өзге де жандарға бұлқыныс, өмірге құштарлықтарын арттырып, жарқын болашаққа ерекше ұмтылыс берсін, – деді Ерлан Ғалиев.
Кітап авторы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының оқытушысы, «Руханият» еріктілер тобының жетекшісі Қайыржан Таубаевтың кітабының кейіпкерлері – өмірдің сан түрлі соқпағымен қиындыққа тап болған, әйтсе де сағы сынбай жан-жағына ізгілік нұрын сеуіп, өзгелерге үлгі болып, соның ішінде спорт арқылы өмірлік кедергілерді жеңе білген жандар. Оның ішінде «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттың бірнеше түрінен халықаралық спорт шебері Азон Шаймарданов, Қазақстанның параволейболын әлемге мәшһүр еткен жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Тахауов сынды параспортшылар бар. Автор мүгедек бала бағып отырған ата-аналардың тағдырын да осы еңбекте қамтыған.
– Жігері мықты жандарды дәріптеуді мақсат еттім. Кітаптың идеясы, мақсаты – төрт қабырғаға қамалып, шара таппай отырған мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарға рух беру. Осы орайда өлкемізді әлемге танытып жүрген шектеусіз мүмкіндік иелерімен тұрақты түрде жұмыс жасадым. Осыдан төрт жыл бұрын педагогикалық колледж жанынан «Руханият» еріктілер тобын ашқанмын. Солардың тұрақты ғылыми жұмысының негізінде жазылған мотивациялық еңбегім. Тағдыр сынағынан өткен жандардың қиындықтармен күресу жолдарын суреттеп жаздым. Олар біздің арамызда. Әрқайсысымен жеке сөйлестім. Жарық көрген кітап оқырманын тауып, өмірден өз жолын іздеген, әсіресе кейбір қиын жағдайларда өмірдің құндылығын түсінбей жатқан жастарға тәрбие берсін деген ниеттемін, – дейді автор.
Шара барысында автордың туындылары оқылып, спорт тақырыбындағы рухты әндер шырқалды.
Тұсауы кесілген «Бұлқыныстың» алғашқы қос данасы басты кейіпкерлер Гүлмира Батпақұлова мен Азон Шаймардановқа табыс етілді. Жаңа кітапты облыс кітапханаларының сөрелерінен табуға болады.
Томирис СҰЛТАН