Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қаражанбаста жұмысшы әйелдер ереуілдеп жатыр

Олар жалақыны 180-200 мыңға дейін өсіруді сұрайды.

Қаражанбаста жұмысшы әйелдер ереуілдеп жатыр
фото: видеодан скриншот

Маңғыстау облысы Қаражанбас кенішінде мұнайшыларға тамақ әзірлеумен айналысатын Caspian food компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Бұл туралы 4 тамызда кешке батыс өңірінен ақпарат тарататын Lada.kz сайты жазды деп хабарлайды centralasian.org.

Аспаздар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видеомәлімдеме жасаған.

Сайттың жазуынша, жұмысшылар жалақыны екі есеге өсіруді және экологияға байланысты өздерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді, жол мен ПТР-тест шығынын өтеуді талап етіп отыр. Бұған қоса, жағдайы нашар отбасыларға немесе ерлі-зайыптылардың біреуі ғана жұмыс істейтін отбасыларға дотация төлеуді сұрап отыр.

Lada.kz сайты жариялаған видеода ондаған әйелдің жиналып, билік пен компания басшыларына мәлімдеме жасап жатқаны көрінеді. Олар жалақыны 180-200 мыңға дейін өсіруді сұрайды.

Caspian food компаниясының жұмысшылары экологиялық радиацияның денсаулыққа зиянын ескеріп, жалақыдан бөлек, коэффициент қосып төлеуін талап етеміз. Сонымен бірге асханада аспен қамтамасыз ету жағдайы қазіргі талапқа сай емес. Жұмысшылар мұнайшылар не жұтса, соны жұтып жүр. Сол себепті зияндылық үшін қаймақ, йогурт, айран, шұбат берілуін талап етеміз, - дейді үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі.

Наразылармен кездесуге Caspian food компаниясының кадр бөлімінің қызметкерлері шығып, олардың талаптарын тыңдап, өтініштерін қабылдаған. Мәселені қарастыруға уәде берген.

Бұған дейін Қаражанбас кенішінде "Қаражанбасмұнайға" аутсорсинг келісім-шартпен қызмет көрсететін Industrial service resources және "KMG-Security" күзетшілері жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуіл өткізген. Талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан.